Ауылдағы учаскелік полицейлердің бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Сондай-ақ мекемелік наградалар қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімімен аталуы керек. Бүгін мемлекеттік қызметшілер мен полицейлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, кеңейтілген алқа мәжілісін өткізген Президент осылай деді. Жиында тағы қандай маңызды мәселелер көтерілді? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес толығырақ айтады.
Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Осылай деген Президент алдымен, мемлекеттік қызметшілер мен полицейлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.
Полицейлердің кәсіби мерекесі 2007 жылдан бері аталып өтіледі. Бірақ биыл тұңғыш рет құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында барлық салада заң мен тәртіп орнатуға үлкен көңіл бөлініп отырғаны туралы айтылды. Мәселен 2019 жылдан бері қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық 4 есеге төмендеген. Ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30%-ға азайды. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80%-ға кеміді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Келесі маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. Осы бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды.
Соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар 2 есе азайды
Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес те күшейген. Биыл 83 есірткі зертханасы жойылып, оны өндіретіндерге жаза қатаңдатылды. Заңды елемегендер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жемқорлықтың жолын кесу мен салдарын жою шаралары да жанданған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Менің тапсырмаммен сот арқылы жемқорлардан алынған қаражат мектептер салуға жұмсалуда. Үш жылдың ішінде 89 мектептің құрылысына 150 миллиард теңгеден астам қаражат берілді Дегенмен қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін жаңа тәсілдер қажет.
Жазасын өтеп жатқан 15 мың адамға амнистия жарияланды
Президент интернет алаяқтыққа да жеке тоқталды. Өйткені соңғы бір жарым жылда 50 мыңнан астам адам қылмыстың осы түрінің құрбаны болған. Жалпы айтқанда құқық қорғау саласын жетілдіру қажет. Бірақ мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес, ол әр адамның құқығы мен бостандығының кепілі. Биыл Конституцияның 30 жылдығына орай түрлі мекемелерде жазсын өтеп жатқан 15 мың азаматқа рақымшылық жасалуы соның айқын дәлелі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі.
Қазақстанда Тәуелсіздік жылдары 842 полицей қызмет барысында қаза болды
Қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, моральдық рухын күшейту қажет. Өйткені бұл мамандық елге қажетті әрі абыройлы жұмыс болғанымен қиындығы көп. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қазаға ұшырап, 4,5 мың адам жарақат алған. Қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз,-деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы орайда, мен мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атауға болады.
Президент: Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет пен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс.
Жиында қаза болған ерлердің жақындары мен соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген бірқатар ауылдың ақсақалдары марапатталды.
Нұрсұлтан Тілектес
