Балқаш қаласындағы әуежай жыл соңында дайын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш қаласындағы әуежай жыл соңында дайын болады

23.06.2025

Балқаш қаласындағы әуежай жыл соңында жөнделіп бітеді. Аумақтағы бірқатар нысан толық жаңғыртылды. Алдағы уақытта жаңа ұшақ бағыттары да қосылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы жолдауында стратегиялық маңызды нысанды бастан-аяқ жөндеуді тапсырған болатын.

Балқаш әуежайы 1967 жылы салынған. Бұған дейін ғимарат мүлде жөндеу көрмеген. Былтыр 114 мың шаршы метр ұшу жолағы түгел бетондалып, перроны ретке келтірілді. Онымен қоса әуежай ғимаратына заманауи қондырғылар орнатылып жатыр. Басты мақсат – Балқаш көліне келген туристерге жоғары сапалы қызмет көрсету.

Мейрамбек Мырзахметов, Балқаш әуежайының директоры:

Заманауи сигналдық жабдық орнатылды. Қауіпсіздік бүйір жолақтары, перрондағы дренаждық жүйелер жабдықталды. Аэровокзал ғимаратын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жоба бойынша аумағы кеңейтіледі.

Әуежай ғимараты бұрынғыдан 900 шаршы метрге ұлғайтылған. Жолаушыларға арнайы бөлмелер салынған. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін сағатына 80 адамға дейін қызмет көрсетіледі деп болжануда. Жаңадан Шымкент, Түркістан және Жезқазғанға рейстер қосылмақ. Қазір мұнда қызметтік техникалар тұрағы да салынып жатыр.

Сымбат Амантай, құрылыс учаскесінің басшысы:

Бізде 85-90 пайызға аяқталды. Қазір предчистовой бітті, енді соңғы кезеңі қалды. Барлығы график бойынша жүріп жатыр. Тамыздың аяғына дейін толық бітеді.

Жаңғырту жұмыстары біткен соң жылына 40 мың жолаушыға қызмет көрсетілмек. Құрылысты биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Әуежайдың инфрақұрылымын жақсарту қала мен туристік аймақты дамытуға зор мүмкіндік береді.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу