Павлодар облысы аумағында Ертіс өзені арқылы өтетін ұзындығы 691 метрлік алып көпір құрылысының 50 пайызы биыл аяқталады. Бүгінгі күні жобадағы алты тірек бағанның төртеуі орнатылды. Еске салайық, бұл таза жергілікті мамандар салып жатқан еліміздегі алғашқы экстрадозды көпір. Тағы бір ерекшелігі, тек қана Қазақстанда шығарылған материалдар қолданылады және сапасын үздіксіз бақылап отыру үшін құрылыс алаңына арнайы жылжымалы лаборатория қойылған.
Ақылбек Қабылдин, облыстық Жол активтері ұлттық сапа орталығының директоры:
Стратегиялық маңызы өте жоғары. Біздің мекемемізден әрқашан бақылау жүргізілуде, инженерлер шығып. Алып жатқан сынамаларымыз оң нәтиже көрсетіп жатыр әзірге. Ескертпелер жоқ.
Құрылысты мінсіз жүргізумен қатар белгіленген межеден бұрын аяқтау жоспарланған. Жаңа көпір төртжолақты болады. Нысан 60 жылдан астам уақыт бойы қолданыста келе жатқан апатты жағдайдағы ескі көпірге жапсарласа салынып жатыр. Жоба көлік қозғалысы, кеме қатынасын жақсарту мен қауіпсіздікті арттыруды көздейді. Келер жылы көліктерге өткел ашылады.
Алексей Логвиненков, «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
Технологиялық тұрғыдан бұл құрылыс өте күрделі. Мұндай көпір республикамызда алғаш рет салынып жатыр. Тірек бағандары аралығындағы жайпақ жолды құйғанда теңдестірілген бетондау жүйесі қолданылады.
Болат Аманбаев
