Алматыда құқық қорғау органдарының қызметкерлері 4120 метр биіктікті бағындырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда құқық қорғау органдарының қызметкерлері 4120 метр биіктікті бағындырды

23.06.2025

Алматыда құқық қорғау органдарының қызметкерлері 28 гвардияшы-панфиловшылар шыңын бағындырды. Игі бастама «Заң және тәртіп» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Спорттық шараға 9 адам қатысты. Топ Тұйықсу мен Мынжылқы шатқалы, «Альпинград» және Мәншүк Мәметова атындағы асу арқылы жүріп өтті. Сөйтіп Іле Алатауы сілемдерінің түйіскен жерінде орналасқан 28 гвардияшы-панфиловшылар шыңына шығып, Мемлекеттік туды тікті. 4120 метр биіктікке көтерілу оңай болмапты.

 Алғашында күн ашық болғанымен, кейін жаңбыр мен бұршақ жауып, қалың тұман басып жолды көру қиын болды, дейді спорттық шараға қатысушылар. Десе де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері шыңды сәтті бағындырып, шамамен 12 сағатта сапарды аяқтады.

Ералы Совет, Әуезов ауданы прокуратурасының бөлім бастығы:

Таудың ең биік шыңына шығу оңай емес. Қайсарлықтың арқасында бәрі де. Мемлекетті қорғау оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаты үшін әр күн еңбекті және де заңға деген адалдықты талап етеді. Біз әртүрлі құқық қорғау органдарынан болсақ та, бәріміз біргеміз.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу