Тегеран Америкадан кек алу мәселесін таразылап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегеран Америкадан кек алу мәселесін таразылап жатыр

23.06.2025

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігін өзгерту идеясын күн тәртібіне шығарды. Құрама Штаттар лидері өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Иран режимі Иранды ұлы мемлекетке айналдыра алмаса, онда бұл режим неге өзгермеуі керек» деп жазды. Естеріңізге сала кетсек, Америка басшысы АҚШ әуе күштерінің Иранның ядролық объектілерін бомбалауын «әсерлі әскери сәттілік» деп сипаттады және оның айтуынша, Иранның уран байыту нысандары толық жойылған.

Тегеран болса, ядролық материалдарын соққыға дейін көшіріп үлгергенін хабарлады. Тағы бір айта кететін жайт, Иран парламенті АҚШ-тың шабуылынан кейін әлем мұнайының 20 пайызы өтетін Ормұз бұғазын жабуға дауыс берді. Содан кейін «қара алтын» бағасы бірден 2 жарым пайызға қымбаттап, 79 долларға жақындап қалған.

Ал Иранның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы өкілі АҚШ-ты «сандырақтаған желеумен соғыс өртін тұтатты» деп айыптап, ел әскерінің дұшпанын жауапсыз қалдырмайтынын ескертті.

Әмір Саид Иравани, Иранның БҰҰ-дағы елшісі:

Иранның пропорционалды жауап беру уақытын, сипатын, ауқымын еліміздің қарулы күштері анықтайды. Тарихта төзімді және біртұтас Иран халқы бұдан да ауыр жараны жазып, қатыгез дұшпандарымен бетпе-бет келді. Иран бұл жолы да өзінің абыройын, күші мен ұлылығын әлемге паш етуге дайын.

Израиль-Иран әуе шайқасы бүгін де жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, таңертең Иран Израиль аумағына ракеталар жіберді. Тель-Авивте дабыл қағылған. Алайда құрбандар туралы мәлімет түскен жоқ. Ал Израиль Тегеранның оңтүстік-шығысындағы Парчин деген жердегі әскери кешенге соққы бергенін хабарлап отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу