Ауылдарда адам қалмай бара жатқаны бөлек бір мәселе, жаппай қалаға көшу процесі енді тоқтамайды – бұл да үлкен мәселе. Қазір де сезіп отырмыз.
Енді бір он жылда тұрғындарының саны 1 млн-ға көбейеді деп болжанып отырған Астананы алайықшы. Былтыр сыймай, бір-бірін жаншыған мектеп оқушылары түсірілген видео тараған. Сөйтсек, осы оқу жылының аяғына дейін ондай бала толы 8 мектеп болған. Алдағы оқу жылында үш ауысымды мектеп болмайды, реттедік дейді Астана әкімі.
Жеңіс Қасымбектен «Апта» тілшісі Раушан Сайлауқызы білім ошақтары, ауызсу сияқты бірінші кезектегі мәселелер бойынша не істейтіндерін сұрап, интервью алған. Мысалы, коррупцияның символындай ұзақ жыл жұрттың көзіне күйік болған ЛРТ құрылысы 2-3 айдың ішінде бітеді, сосын сынақ, бәрі дұрыс болса, келесі жылдың басында пайдалануға береміз деген. Астанаға көшіп келушілер санын шектеу керек деп, ешқандай нормаға келмейтін пікір айтып жүргендерге «Бұл адамдардың конституциялық құқығы, Қазақстанның әрбір азаматы қай жерде тұратынын өзі шешеді» деген дұрыс жауапты беріпті.
Толығырақ Раушан Сайлауқызының бейнематериалында.
