Сарапшылар: Мемлекеттік сақтандыру ұйымын құру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: Мемлекеттік сақтандыру ұйымын құру қажет

20.06.2025

Енді елімізде тұрғын үйлерді сақтандыру міндеттеледі. Құжат жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдардың қарауына жолданды. Заң аясында мемлекеттік сақтандыру ұйымын құру, табиғи апаттар жоғары өңірлердің тізімін бекіту жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өткізген арнайы кеңесте айтылды. Бастама тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, табиғи апаттардан келетін залалды өтеуді жеңілдетеді. Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі талқыға ұсынған құжатта ең төменгі құны болжамды түрде мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін деп көрсетілген. Сақтандыру сыйлықақысының сомасы табиғи апаттың деңгейі мен мүліктің зақымдалуына қарай есептеліп, 500 есе мөлшерде өтеледі. Мәселен, агенттіктің есептеуінше, баспана иесі тұрғын үйді мың теңгеге сақтандырса, табиғи апат болған жағдайда 500 мың теңге, 20 мың теңгеге сақтандырса, 10 млн теңге өндіріп алады.

Серікбосын Төлебеков, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директорының орынбасары:

Сақтандыру жер сілкінісі, су тасқыны, су деңгейінің көтерілуі және орман өрттері сияқты табиғи қауіптерді қамтиды. Сарапшылардың бағалауынша, еліміздің 75 пайызы әртүрлі табиғи апатқа, жер сілкінісі, су тасқыны, су деңгейінің көтерілуі, өрттен және қуаңшылық сияқты қауіптерге ұшырауы мүмкін.

Ресми статистика бойынша, елімізде тұрғындардың тек 3,2 пайызы баспанасын табиғи апаттан сақтандырған. Ал өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш - 7,7 пайызбен Алматыға тиесілі. Шаһарда жер сілкінісі болу қаупі жоғары. 

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу