Германияда әйелдер арасында да турнир өтіп жатыр. Жарыста бақ сынап жатқан Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина ширек финалға шықты. Ол екінші айналымда әлемдік рейтингте 74-орында тұрған чехиялық Катерина Синякованы жеңді. Қарсыластар осыған дейін 7 рет кездескен. Соның төртеуінде Рыбакина басым түскен болатын. Бұл жолы бірінші сет тең басталып, ортасында Синякова брейк жасап, 4:2 есебімен алға шықты. Дегенмен бұдан кейін қазақстандық теннисші қатарынан 4 геймді өз есебіне жазып, алғашқы партияда жеңіске жетті. Ал екінші сетте жеңімпазды анықтау оңай болмады. Ойын тай-брейкке жалғасты. Отандасымыз 7:5 есебін тіркеп, келесі кезеңге өтті. Елена Рыбакина жартылай финалға өту үшін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңуі тиіс.
Асылбек Данияр
