А.Бублик әлемнің бірінші ракеткасын жеңді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

А.Бублик әлемнің бірінші ракеткасын жеңді

20.06.2025

Сенсация! Қазақстандық теннисші Александр Бублик әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Янник Синнерді жеңді. Осылайша отандасымыз Германиядағы ATP 500 турнирінің ширек финалына шықты. Матч екі спортшыға да оңай болған жоқ. Бірінші сетте Синнер басымдық танытып, 6:3 есебімен алға шықты. Ал екінші партияда керісінше, Бублик дәл осындай ұпаймен, есепті теңестірді. Шешуші сеттің ортасына дейін ешкімде нақты басымдық байқалмады. Есеп 3:3 болған кезде еліміздің бірінші нөмірлі теннисшісі брейк жасап кетті. Бублик соңғы доп беру барысында қарсыласқа мүмкіндік қалдырмай, камбэк жасады. Сондай-ақ ол 2 сағатқа созылған ойын кезінде 15 эйс жасап көзге түсті.

Айта кетейік, қарсыластар осыған дейін 5 рет кездесіп, соның төртеуінде Синнер басым түскен. Ал жерлесіміз италиялық теннисшіні бір рет қана жеңген. Ол тура 2 жыл бұрын дәл осы Галле жарысында еді. Енді Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, чехиялық Томаш Махачпен кездеседі.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу