Астана күніне орай 600-ден астам мерекелік бағдарлама әзірленуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана күніне орай 600-ден астам мерекелік бағдарлама әзірленуде

06.06.2018

Тура бір айдан соң елордамыз Астананың 20 жылдығын ел болып атап өтеміз. Бүгінде жас қаланың мерейлі мерекесін тойлауға дайындық қызу жүріп жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтарының мәдени-рухани демалуы үшін 600-ден астам әртүрлі мерекелік бағдарлама әзірленген. Халық әндері, эстрада, классикалық музыкадан концерттер, халықаралық фестивалдер, театр қойылымдары, шоу-бағдарламалары мен жәрмеңкелер, мүшайра, спорттық шаралар ұйымдастырылмақ. Ал, бұл ауқымды шаралар қашан және қайда өтеді? Кімдер қатысады? Биылғы мерекенің ерекшелігі не болмақ?

Мерейлі мейрамды тек астаналықтар ғана емес, еліміздің өзге қала тұрғындары да сезінетін болады. Оның себебі, елордалық 700 өнерпаз биыл 20 жылдыққа орай «Астанадан ақ тілек» атты мерекелік концертпен 4,5 ай бойы Қазақстанды шарлап шығады. Ал, Астана қаласында өтетін шараларға тоқталсақ, 12-маусым елордадағы 3 ұлттық саябақта салт аттылардың шеруі ұйымдастырылса, 29-маусым мен 1-шілде аралығында «Алау» мұз сарайында заманауи музыка фестивалі өтеді. Дәл осы мерзімде дәстүрлі әнсүйер қауым үшін «Астанаға тарту» атты концерт ұйымдастырылмақ. 30-маусым мен 1-шілде аралығында елімізде тұңғыш рет «Көшпенділер әлемі» атты халықаралық этнофестиваль өтеді. 

Нарима Мұхамбетәлина, Астана қалалық Мәдениет және спорт басқарма басшысының орынбасары:

- Бұл этнофестивальге жан-жақтан қонақтар келеді. Түркия, Болгария, Венгрия, Қырғыз Республикасынан келеді. Өте қызықты фестиваль. Себебі, алаңымыз ауыл-ауылға бөлінеді. Соның ішінде қазақтың жетістіктерін көрсетуге тырысамыз. Ұлттық тағамдарымыз, ойындарымыз, бәрі қамтылады.

Ал, сіз 2000 домбырашының бір уақытта өнер көрсеткенін тамашалап па едіңіз?! Ендеше қапы қалмаңыздар. 1-шілде күні «Қазақ елі» монументінің алаңында 2000 домбырашы шаһарды  күмбір күймен тербейді. Әзілсүйер ағайынға да тосынсый бар. Биыл бірнеше елдің қатысуымен 4-шілде күні «Барыс Арена» сарайында «Еуразия Кубогы» ұйымдастырылмақ. 1-шілде мен 6-шілде аралығы мәдени шаралардың қызған шағы. Есіл өзені жағалауында «Астана Арқау» және «Серпер» халық аспаптар оркестрінің фестивалі өтеді. Сондай-ақ, алыс-жақын шетелдік 12 театр бас қосатын «Самғау» халықаралық театр фестивалінің де маңызы айрықша.

Ернар Жұматаев, Астана қалалық «Жастар» театрының директоры:

- Маусым айының 10-күнінен бастап осы театрға баршаларыңызды шақырамыз. Әрине, әлеуметтік желіде қажетті ақпараттарды саламыз. 10-маусым мен 16-маусым аралығында театрда үлкен фестиваль өтеді. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Сырт жақта гастрольдеріміз бар.

5-6 шілде күні «Қазақ елі» монументінің алаңында гала-концерт өтеді. Оған отандық және шетелдік әртістер қатысады деп жоспарланып отыр. Мерейлі мейрамда спорттық шаралар да назардан тыс қалмайды. 4-11 маусым бокстан халықаралық турнир, 16-17 маусым триатлоннан Халықаралық жарыс, 21-24 маусым әйелдер мен ерлер арасында заманауи бессайыстан Әлем кубогының финалы, 24-маусым «Астана дуатлон» қалалық турнирінің ашылуы өтеді. Ал, 1-шілде «Қазақстан барысы» республикалық турнирін тамашалауға мүмкіндігіңіз бар. Жалпы, қала күні қарсаңында мәдени шаралар халыққа қолжетімді болу үшін 10 шақты орында өткізу жоспарланған. Алдын ала болжамға сай 1 млн. келуші күтілуде. Ендеше, құрметті көрермен сіз де қапы қалмаңыз. Біз негізгі жоспардың тек бір парасын айттық. Мәдени шаралар жайлы қосымша ақпаратты www.astanaday.kz сайтынан, ал, концерттерге билеттерді www.topticket.kz сайтынан алуларыңызға болады. Бас қаланың мерейтойы баршамызға құтты болсын!

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу