Атырауда қамыс өртінің аумағы 1500 гектардан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда қамыс өртінің аумағы 1500 гектардан асты

19.06.2025

Атыраудағы қамыс өртінің аумағы 1500 гектардан асты. Қазіргі таңда қызыл жалын толық оқшауланған. Ашық от жоқ, қызметкерлер бықсып жатқан жерлерге су шашып жатыр. Ақжайық резерватының аумағына тәулік бойы кезекшілік қойылып, оқиға басында жедел штаб жұмыс істеуде. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін 100-ден астам адам мен 30 шақты техника жұмылдырылған. Өрттің шығу ошағы батпақты, қамысты болуына байланысты МИ-8 тікұшағы тартылған еді. Ол 7 күн ішінде әуеге 66 рет көтеріліп, 200 тонна су төкті. Жалынды толық сөндіру үшін бүгін Маңғыстаудан тағы бір тікұшақ көмекке келе жатыр. Сондай-ақ минералды жолақ жүргізуге қосымша 10 ауыл шаруашылығы техникасы кіріскен. Ал өрттің шығу себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру басталды.

Асыланбек Хафизұлы, облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы:

Табиғаттың да әсері боп жатыр әрине. Желдің күшеюіне байланысты қамыс бықсып жатыр. Қазгидрометтен күнделікті желдің ауысуы, жылдамдығы бойынша ақпарат алып отырмыз.

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу