Доллардың қымбаттауына не себеп? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Доллардың қымбаттауына не себеп?

19.06.2025

Доллардың қымбаттауына жазғы демалыс маусымының басталуы әсер етті. Ұлттық банк төрағасы осылай деді. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жазда халықтың шетел валютасына, әсіресе АҚШ долларына сұранысы артады. Бұдан бөлек бюджеттік және квазимемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуы, маусымдағы инвестициялық жобалардың жандануы және импортқа сұраныстың артуы валюта құнына әсер еткен. Мысалы, биржадағы сауда көлемі 240–250 млн-нан 300–330 млн долларға дейін өскен. Тимур Сүлейменов алдағы уақытта доллардың күрт өсуіне қатысты нақты болжамның жоқ екенін, дегенмен қазіргі жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.

Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы банк төлемдеріне арналған бірыңғай QR жүйесінің жыл соңына дейін енгізілетінін хабарлады. Оның айтуынша, қазір жүйеге 3 банк қосылған, тағы 9 банк сынақ режимде жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін барлық банктерді жүйеге біріктіру жоспарланған. Айта кетейік, бірыңғай QR жүйесі азаматтарға түрлі банк арасында лезде ақша аударуға мүмкіндік береді.

Серік Жұмабекұлы


Хабарламаларға жазылу