Қостанай облысында шекара маңындағы ауылдар босап қалып жатыр. Соңғы 2 жылда Қарабалық ауданында 9 елді мекен жабылған. Бұған бірінші себеп жұмыссыздық, сапалы жолдың жоқтығы. Онымен қоса ауыз су, табиғи газ тәрізді өркениет жетістігі жетпеген, интернет нашар. Ел үдере көшіп, карта бетінен атауы өшкен ауылдардың жұртында қалғандармен Мәдина Нағашыбай жүздесіп қайтты.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Біз қазір Ресей шекарасынан шамамен 10 шақырым жерде тұрмыз. Көрші мемлекеттегі электр өндіретін станцияның мұржалары осы жерден анық көрінеді. Бұл маңда халық саны 30-ға жетер-жетпес Жаңаауыл ауылы тұр. Елді мекен 2023-жылы жойылған. Бір де бір әлеуметтік нысан жоқ. Үйлердің көбі қаңырап, қирап бос қалып жатыр. Көпшілік жақсы тұрмыс іздеп аудан, облыс орталықтарына көшіп кеткен.
Сақыпжамал Ертишбаева 10 жылдан бері осы ауылда тұрады. Күнім құдықтан су тасудан басталады дейді. Жұбайы көрші ауылда шаруа қожалығында күзетші. Себебі ауылдың өзінде жұмыс жоқ. Мұнда он шақты ғана үй қалған. Ұялы байланыс әлсіз, интернет бірде бар, бірде жоқ. .
Сақыпжамал Ертишбаева, Жаңаауыл ауылының тұрғыны:
Ауыл құрып барады. Жастар мен бала жоқ, зейнеткерлер ғана қалған. Олардың ешқайда көшкісі келмейді. Қыста жолды қар басып қалады, хабарлассақ, тазартып береді. Дүкен жоқ, нанды ауданнан аптасына 2 рет әкеп тұрады, ал азық-түлік алу үшін Қарабалыққа немесе округ орталығына барамыз.
Қарабалық ауданында қазір 35 елді мекен қалған. 2019 жылы 3 ауыл жойылса, тағы тоғызы осыдан екі жыл бұрын жабылды. Оның төртеуі шекара маңында. Қалғанын сақтау үшін тірек ауылдардың дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр.
Ерлан Әбілов, Қарабалық ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы:
Шекаралас елді мекендердің ішіндегі 6 ауылда мектеп бар. Аталған ауылдарда жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, Мағнайға жол тартылуда, Приречное ауылында орталықтандырылған су жүйесі қолға алынуда, сондай-ақ Михайловка ауылында қайтарылған қаражат есебінен су жүйесі қолға алынуда.
Ауданда төрт тірек ауыл бар. Соңғы 3 жылда олардың деніне табиғи газ, орталықтандырылған су желісі тарытлып, көшелерге жарық орнатылған. Биыл жоспарға сәйкес жыл соңына дейін ауылдық елді мекендердің барлығы сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтылуы тиіс.
Мәдина Нағашыбай
