Д.Нұрпейісова атындағы академиялық Халық аспаптар оркестрі Париж төрінде концерт берді. Атырау облыстық әкімдігі мен еліміздің Франциядағы елшілігі концертті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әрі Қазақстан мен Францияның іскерлік қатынасының 10 жылдығына орай ұйымдастырды. Қазақтың ұлттық аспаптары, ән-күйі талғамы биік француз жұртын тәнті етті.
61 жылдық тарихы бар Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің бұл Францияға екінші сапары. Өнер ұжымы осыдан 4 жыл бұрын Фонтенбло қаласында концерт берген. Енді, міне, Париж сахнасында өнер көрсету бақыты бұйырды.
Әлібек Нәутиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
- Бұл ұжым көптен бері қазақтың өнерін дүниежүзіне насихаттап жүр. Күні бүгін 60-тан астам мүшесі Париждің орталығына қазақтың өнерін насихаттау мақсатында келіп жатыр. Біз өте қуаныштымыз.
Саламат Сағымпазұлы, Атырау облыстық Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы:
- Мақсатымыз - халқымыздың дәстүрлі өнерін, мұрасын осы Еуропа жұртшылығына көрсету, таныстыру. Сырттта жүрген қандас бауырларымызға мәдени, рухани тұрғыдан үлкен қолдау көрсету.
Талғамы биік француз жұрты үшін оркестр бұрынғыдан ерек бағдарлама әзірлепті. Дина, Құрманғазы мен Ықыластың үздік күйлерімен бірге, Штраустың сырлы сазын, Юбер Ив Адриан Жироның «Париждің аспаны астында» композияциясын орындады.
Әлемдік деңгейдегі классикалық жауһарларды қазақ музыканттарының ұлттық аспаптармен шебер орындауы көрерменнің таңдайын қақтырды. Домбыра, сазсырнай мен қобыздың қоңыр үні еуропалықтарды елітіп, шеттегі қандастарымыздың жүрегін тебірентті.
Жанар Төребаева-Авард, Франция қазақтары қауымдастығының мүшесі:
- Жүрегімізді елжіретіп, Құрманғазы атамыздың, Дина апамыздың күйлерін орындатты. Домбыра ойнаған кезде елді сағынып жүрген біздер жүрегімізді ұстадық. Жиірек келіп тұрса, бізге де жақсы.
Милен Гермон, өнер қайраткері:
- Қазақстанға тағы да сапар шеккендей әсер алдым. Оркестр мықты өнер көрсетті. Әсіресе, дирижердың залдағы көрерменмен жұмыс істеуі ғажап. Мұндайды мен бірінші рет көруім.
Иә, оркестрдің көркемдік жетекшісі, дирижеры Арман Жүдебаев ұжымымен бірге қара терге түсіп, қазақ өнерін жоғары деңгейде насихаттады. Мықты маэстро мен музыканттарға талғампаз көрермен тік тұрып қошамет көрсетті.
Нұрсұлу ҚАСЫМ