Атырауда қамыс өртеніп, қаланы көк түтін басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда қамыс өртеніп, қаланы көк түтін басты

18.06.2025

Атырауда 5 күннен бері қамыс өртеніп, қаланы көк түтін басты. Ыстың иісіне тұншыққан тұрғындар мүлдем есік-терезесін аша алмай қалды. 

 Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қазір өрт ошақтары оқшауланды, бірақ әлі толық сөндірілмеді. Қызметкерлер 5 күннен бері тілсіз жауды ауыздықтай алмай жатыр. Қызыл жалын 800 гектардан астам аумақты шарпыған. Өрттің ошағы қала іргесіндегі Еркінқала ықшам ауданынан 15 шақырым жерде Ақжайық резерватының аумағында тіркелген. Соңғы 3 күнде қаланы көк түтін басып, дем алу мүмкін болмай қалды. Бүгін шамалы болса да басылғаны байқалады. Желі қолданушылары алпауыт компаниялар шаhар іргесіндегі өртті пайдаланып, зиянды шығарындыларды атмосфераға жіберуі мүмкін деген ойда. Экологиялық ахуалға ешкім бас қатырмайды, деп қапалы. Ал экологтар сынама алған. Қазір тексеріс жүргізіп жатыр.

 Асқар Жүсіпов, Облыстық экология департаментінің басшысы:

Тексеріс барысында қаланың аймағында АНПЗ қасында бір нүктеде және сосын булану алаңының қасында күкіртсутегінің 10-11 есе артуы орын алды. Нақты оны осы түтінді пайдаланып шығарындылар шығарып отыр деп айта алмаймыз. Негізгі қамыстың түтінінен жанғанда шығатын өнім ол күкірт емес, бірақ кейде шіріген қалдығы жанған кезінде күкіртсутегін бөлуі мүмкін. Оны жоққа шығаруға болмайды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қазір қаупі бар учаскелерге тәулік бойы кезекшілік қойылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 100 адам мен 30 шақты техника жұмылдырылған. Бұған қоса, МИ-8 тікұшағы тартылып, ол 33 рет әуеге көтеріліп, 100 тонна су шашқан. Қазір 7 гектардағы өрт ошағын жою жұмысы жалғасып жатыр. Оқиға салдарынан мемлекеттік табиғи резерваттың экожүйесіне елеулі залал келген. Соған байланысты өрттің атмосфералық ауаға тигізген әсерін бағалау мен шығу себебін анықтау үшін тергеп-тексеру басталды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу