Астанадағы автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған 7 жастағы қыз ауруханадан шықты. Енді өзінің туған жері Егіндікөл ауданындағы медициналық мекемеде оңалтудан өтеді. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов айтты.
Еске салсақ, бұған дейін дәрігерлер Алуаның оңалтудан өтіп, емделуіне кемінде жарты жыл кететінін айтқан. Бәрі ойдағыдай болса, протез қойылып, ақырындап жүре бастайды.
Тимур Мұратов, Денсаулық сақтау вице-министрі:
Егіндікөл ауданындағы аурухана Алуаға арналған оңалту бағдарламасын жасақтауға кірісіп кетті. Медициналық көмек толық көрсетіледі. Жалпы, 2 маусымда автобус апатынан зардап шеккен тұрғындарға реабилитация қарастырылған.
Бұдан бөлек, Тимур Мұратов елімізде медициналық құрылғылардың цифрлық картасы түзілетінін айтты. Жүйеде ауруханалардағы аппараттардың саны, қай жылы орнатылғаны көрсетіледі. Бұл науқастардың тек жаңа технологиялардың көмегімен ем алуы үшін жасалып отыр. Яғни, бұдан былай жүйеде ескіріп кеткен техника табылса, бірден істен шығарылады.
Айта кетсек, соңғы бес жылда еліміздегі ауруханаларға жаңадан 784 заманауи құрылғы орнатылды. Қазір жалпы саны 6 мыңдай аппарат бар.
Жанел Өтеулі
