Лондонда Халықаралық даулы мәселелер апталығы өтті. Онда Қазақстанның осы салада жеткен жетістіктері талқыланды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты мен Төрелік орталығы жеті жылда жинаған тәжірибесімен бөлісіп, өңірлік арбитраждың өзекті мәселелерін көтерді.
Қаржы орталығы жанындағы Сот пен Халықаралық төрелік орталығы құрылғалы бері 3800-ден астам іс қаралған. Еуразия елдерімен қатар Қытай, Араб әмірлігі және Үндістаннан келген инвесторлар олардың қызметіне риза.
Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО соты мен ХТО тіркеушісі және аппарат басшысы:
Еуразияда бізге ұқсас құрылым жоқ. Сондықтан шетелдік компаниялар Қазақстанды инвестиция құюға сенімді ел деп санайды.
Зия Акынджы, Ыстамбұл төрелік орталығының төрағасы:
Сот пен төреліктің жұмысы басқаларға үлгі. Елдеріңіз бұл салада айқын жетістіктерге жетіп отыр.
Апталықтың биылғы тақырыбы – «Дауларды шешудегі инновациялар». Шарада әлемдегі геосаяси және технологиялық өзгерістер жағдайында заңгерлік қауымдастықтың оларға бейімделу қабілеті кеңінен талқыланды.
Хавар Куреши, Халықөаралық даулар апталығын ұйымдастырушы:
Бүгін жаңа трендтер мен тәжірибелер таныстырылды. Биыл апталыққа қатысушылар саны 10 мыңнан асып, рекорд жаңарды.
Батыс елдерінің санкция саясаты мен халықаралық құқықтың арасындағы қайшылықтар да күн тәртібінен түспеді. Бұл мәселе, әсіресе бейтарап елдер мен жаһандық компаниялар үшін өзекті. Жиынға қатысқандар қатаң шектеулер жағдайында дауларды шешу жолдарын саралады.
Марина Бекенова
