Иран мен Израиль арасында зымырандық шайқас жалғасып жатыр. Осыдан бірер сағат бұрын Израиль Тегеран аспанын толық бақылауға алғанын жариялады.
ЦАХАЛ Ислам Республикасының ракета ұшырғыштарының үштен бірін жойғанын хабарлап отыр. Айта кетсек, жұмадан бері Иранда Израильдің шабуылдарынан 224 адам мерт болған. Израиль үкімет басшысы армияның Иранда мақсатына да, жеңіске де жақындап қалғанын мәлімдеді.
Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі:
Израиль әуе күштері Тегеранның әуе кеңістігін бақылауға алды. Бұл жағдай осы науқанның толық өзгергенін білдіреді. Екі мақсатымызға жетуге жақынбыз: Олардың бірі – ядролық, екіншісі – зымырандық қауіпті жою. Тегеран аспаны қарамағымызға өткендіктен, енді осы нысандарды құртамыз. Тегеран жұртына: «көшіңдер, біз әрекет етейік» дегім келеді. Жеңіске жақындап қалдық.
Израильде де құрбандар саны көбейіп келеді. Бұл мемлекетте кейінгі 4 күнде 24 адам қаза тауып, талайы жараланды. Сонымен қатар Иран ракеталарының соққысынан Израильде көптеген ғимарат қирап, 300-дей пәтер босап қалған.
Масуд Пезешкиан, Иран Президенті:
Біз ешбір жағдайда соғыстың аясын кеңейтуді көздеп отырған жоқпыз. Алайда армиямыз, күшті революция сақшылары корпусымыз, қымбатты халқымыз лайықты жауабын беріп жатыр. Олар жағдайды қаншалықты шиеленістіруге тырысса, біздің қарсылығымыз соншалықты қатал болады. Бірақ бұдан көп жазықсыз адам қырылуы мүмкін.
Арыстан Рысбек
