Ақтөбелік учаскелік полицей өрт болып жатқан үйден 15 адамды құтқарды. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі тұрғын мен өздігінен жүре алмайтын зейнеткер де бар.
Әлихан өзіне бекітілген аумақта қызметте жүрген. Көпқабатты үйлердің бірінен өрт шыққанын естіп, дереу сол жерге жетеді. Ұзақ ойланбастан бірден жоғарғы қабаттағы тұрғындарды сыртқа шығара бастаған. Құтқарушылар жетем дегенше, зейнеткер мен сал ауруына шалдыққан қызды көтеріп алып шыққан. Бүгін ол өзі қауіптен арашалап қалған жандарға келіп, жағдайын білді. Зейнеткерлер ержүрек полицейге алғысын жаудырды. Айтуларынша, 9 қабатты үйдің 1-қабаты жанған. Тұрғындар бірнеше күн жарықсыз отырды. Ең бастысы жанымыз аман қалды дейді олар.
Әлихан Саймағамбетов, учаскелік полиция инспекторы:
6-7 қабаттарда мүгедек адам, үлкен кісілер бар деген. Ойланбастан үстіге көтеріліп кеттім. Барлығын - 15 шақты адамды шығардым. Құтқарушылар да, жедел жәрдем де келді. Адам шығыны болған жоқ.
Жақсыбек Кемал
