Қазақ елі мен шалғайдағы Швед мемлекетінің мәдени байланысы нығайып келеді. Астанада белгілі скандинавиялық режиссер Ингмар Бергманның фильмдері көпшілік көрерменнің назарына ұсынылды. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай бұл іс-шараны Швецияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырып отыр.
«Фанни және Александр» фильмі - Ингмар Бергманның ең үздік туындыларының бірі. 1982 жылы шыққан. Кезінде төрт бірдей «Оскар» премиясына лайық деп танылды. Сондықтан да болар, «Кинопарк 8 IMAX Сарыарқа» кинотеатрындағы ашық көрсетілімге өнерсүйер қауым көптеп жиылды.
Евгений Лумпов, «O Kino8.kz» сайтының бас редакторы:
- Бергманның өз жоспары бойынша, бұл оның ең соңғы фильмі болуы керек еді. Алайда, кино өнеріне деген махаббатының арқасында ары қарай жұмысын жалғастырды. Соның нәтижесінде көптеген шедеврді дүниеге әкелді.
Швед режиссерінің 100 жылдығы өз отанында кең көлемде атап өтіледі деп жоспарлануда. Себебі, оның жалпы әлемдік кинематографияға қосқан үлесі үлкен. Театр мен кино өнерінің ең мықты тұстарын біріктірген оны әлемдегі ең танымал швециялық деп те атайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Бейбітшілік және келісім сарайында режиссердің өнері мен өміріне арналған көрме өтуде. Ал, 25 мамыр күні оның «Сарабанд» атты тағы бір фильмі үлкен экраннан көрсетіледі. Қос елдің мәдени байланысын арттыруға бағытталған іс-шаралар ары қарай классикалық концерттермен жалғасады деп жоспарлануда.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.