Қазақстан 6 елге ұшуға тыйым салды. Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуына және азаматтық авиацияға төнген қауіпке байланысты еліміздің авиация комитеті Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігінде және оған жақын жерлерде ұшуға уақытша тыйым салады. Бұл шектеу жолаушы, жүк және техникалық рейстер жасайтын барлық әуе кемелеріне қатысты болмақ.
Ал Иранда жүрген Қазақстанның 6 азаматы Әзірбайжанның «Астра» өткізу пункті арқылы эвакуацияланды. Report басылымы хабарлағандай, оларға медициналық қызметпен қатар өзге де барлық қажетті жағдай жасалған. Шекера бекетінде таңғы ас та ұсынылды. Ал еліміздің Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, жағдай жіті бақылауда. Қажет болған жағдайда туристерді қайтаруды қамтамасыз етуге әзір.
Темірлан Нұрсұлтан
