Әлемнің көптеген елдері маусымның үшінші жексенбісінде «әкелер күнін» атап өтеді. Ал Қазақстанда бұл айтулы күн 3 жыл бұрын ресми түрде бекітілді. Мақсат – әке мен бала қарым-қатынасын нығайтып, отбасы институтын берік ету. Алдағы мерекеге орай бүгін Астанада Х Республикалық Әкелер форумы өтті. Жиында арнайы Декларациясы қабылданды. Құжаттың мазмұны қандай? Заманауи әке деген кім?
Елдар – көп балалы әке. Жұбайымен шаңырақ көтергелі 15 жыл. Балаларының алды мектеп бітіруге таяды. Бәрі де оқуда озат. Кенжесін балабақшаға күн сайын өзі тасиды. Бақытты отбасының кілті – ең алдымен ер азаматтың мойнында,-дейді ол.
Елдар Нұрсұлтан, көпбалалы әке:
Ол жұмыста болғанда, мен үйде боламын. Үйдің жұмыстарын бірге істейміз. Қыздарымның ес білгелі шашын өремін. Есіктің алдына ойнап шыққанда да, сабаққа, бақшаға барғанда да «әкем өріп берді шашымды, әкем буып берді» деп мақтанады екен. Сол ұнайды маған. Бала-шағаның тәрбиесіне көп уақыт бөлу керек. Өйткені баланың тәрбиесі – ол ұлттың тәрбиесі ғой.
Расында 21 ғасырда әкеге артылған жүк те жеңіл емес. Бүгін Астанада өткен Әкелер форумында «ХХІ ғасыр әкесін әрекетке шақыру» декларациясы қабылданды.
Бекдайыр Күзембай, республикалық «Әкелер одағы» төрағасының орынбасары:
Қазіргі таңда заманауи жаһандану заманында, тез дамып жатқан өмірде әкенің рөлі өзгеріп жатыр. Сондықтан да қазіргі заманауи, 21 ғасырдың әкелері қалай болуы керек? Сол туралы декларацияда бәрі анықталып жазылған.
Құжатта әкенің бала өміріне белсенді араласуы қажет екені көрсетілген. Әсіресе бүлдіршінге зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыру - парыз. Заманауи әкелер үйдегі міндеттер мен тұрмыстық жауапкершілікті де бөлісе білуі тиіс.
Чинве Огбонна, ЮНПФА-ның Қазақстандағы өкілі:
Біз Қазақстанмен 10 жылдан бері серіктестік орнатып, бірлесе жұмыс істеп келеміз. «Орталық Азияда әке қандай болу керек?» деген тақырыпта үлкен зерттеу жұмысын өткіздік. Нәтижесінде, біраз ер азамат биылдан бастап үйдің жұмысына, бала күтіміне белсенді түрде көмектесе бастапты. Демек, біздің атқарар жұмысымыз әлі көп. Ал бүгінгі қабылданған құжат көп жанұяның берік әрі бекем болуына септігін тигізеді деп сенемін.
Әкелер институтын нығайту – мемлекет саясатының маңызды бағыты. Осы мақсатта биыл 7 мыңнан астам іс-шара жоспарланған. Әр өңірде Әкелер клубтары мен кеңестері де белсенді жұмыс істейді. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне зер салсақ, бүгінде әке мен бала арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан әлдеқайда беки түскен. Солай болуы керек те. Себебі әр әке - өз баласы үшін асқар тау!
Ақниет Балтанова
