Энерготиімділікті арттыруға арналған жаһандық конференция ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энерготиімділікті арттыруға арналған жаһандық конференция ашылды

13.06.2025

 Брюссельде энергия тиімділікті арттыруға бағытталған жаһандық конференция ашылды. Халықаралық энергетикалық агенттік ұйымдастырған шараға әлемнің 100 елінен министрлер, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері жиналған. Қазақстан атынан басқосуға ел Президентінің көмекшісі әрі халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зульфия Сүлейменова қатысты. Конференцияда көпшілік энерготиімділікті арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылады.

 Нұрсұлу Қасым, тілші:

Әлемде мынадай үлкен-кіші желдеткіштердің секундына 5-уі сатылады екен. Құрылғы аптап ыстықта жаныңа сая болғанмен, тоқты көп жейді. Тиімсіз. Халықаралық энергетикалық агенттік өкілдері жаһан елдерін осындай құрал-жабдықты мейлінше электроэнергияны үнемдейтіндей етіп жасауға үндейді.

Тұрмыстық техниканың тиімділік стандартын арттыру өзекті мәселені шешудің бір ғана жолы. Тоқты көп қажет ететін химия, металлургия, өндіріс саласына қомақты инвестиция құймай, энерготиімділікті күшейту мүмкін емес, дейді халықаралық энергетикалық агенттік басшысы.

 Фатих Бирол, Халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры:

Энерготиімділікті арттырудың пайдасы зор. Тоқ аз жұмсалады, тиісінше, адамдар электроэнергияға аз ақша төлейді. Бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Экономиканы, өмірдің сапасын жақсартады.

Тоқ пен жылуды үнемдеу үшін құрылысқа қатысты заң нормаларын жетілдіру қажет, дейді сарапшылар. Қазақстан Парламентінде қазір құрылыс кодексінің жобасы талқыланып жатыр. Президенттің кеңесшісі Зүлфия Сүлейменова жиналғандарға елдегі энерготиімділікті арттыру, қоршаған ортаны қорғау бойынша атқарылып жатқан шаралар жайлы баяндады.

 Зүлфия Сүлейменова, ҚР Президентінің кеңесшісі, Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:

Қазақстанда мұнай және газ секторына метан шығындыларын қысқарту жыл сайын қосымша 300 млн доллар кіріс алып келе алады. Сол себепті осы бағыттағы барлық мүмкіндіктерді пайдалану және Еуропалық Одақ және басқа да еуропалық мемлекеттермен ынтымақтастық мәселелері ерекше өзекті.

Конференция аясында Зүлфия Сүлейменова ЕуроОдақ өкілдерімен, Халықаралық энергетикалық агенттік басшысымен кездесті. Әлем елдері Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегінен арылу жобасын қолдайды. Және оны жүзеге асыруға бағытталған озық тәжірибесімен, технологиясымен бөлісуге дайын. Сондай-ақ жаһандық қауымдастық өкілдері келесі жылы қазақ елінде өтетін аймақтық климат саммиттіне қатысуға ниетті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу