Көлік жүргізушілеріне салынған айыппұлға қатысты шағым көбейді. Биылғы жылдың 5 айында қалалық полиция департаментіне 15 мыңға жуық шағым түскен. Арыздардың көбі көлік нөмірінің ұқсастығына немесе жүйедегі техникалық ақауларға байланысты дейді мамандар. Мұндай жағдайда не істеу керек? Қате жазылған айыппұлдарды қалай өшіруге болады? Толығырақ тілшімі материалында.
Серік Жұмабек, тілші:
Техникалық ақаулар салдарынан жүргізушіге келетін жалған айыппұлдардың түрі көп. Бұл соның бірі. Мұндай жағдайда сіз ереже бұзбағаныңызды дәлелдеу үшін «Сергек» камераларындағы бейнежазбаны көруге құқылысыз. Ол үшін сала мамандары Бас прокуратураның «qamqor» парталын пайдалануға кеңес береді.
Тархан Закарин, қалалық прокуратураның басқарма аға прокуроры:
Алдымен «Qamqor» парталына кіресіз, авторизациялаудан өтесіз, әрі қарай сіздің барлық әкімшілік құқық бұзушылық туралы істеріңіз көрінеді. Оның ішінде айыппұлдарыңыздың тізбесі тұрады. Соның ішінде өзіңізге күмәнді көрінген айыппұлмен келіспеген жағдайда сол батырманы басу арқылы ішіндегі бейнежазбаны көру туралы сұрау жолдай аласыз.
Серік Жұмабек, тілші:
Видеоны көрдіңіз бірақ айыппұлмен келіспесеңіз, яғни жол ережесін бұзбағаныңызға сенімді болсаңыз, айыппұл алған сәттен бастап 2 ай ішінде шағым түсіруге құқылысыз. Шағымды жазбаша да, онлайн да беруге болады.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
«eOtinish» арқылы немесе ішкі істер органдарына кез-келген жақын жердегі мекенжайы бойынша әкімшілік практика бөліміне барып, болмаса ешқайда шықпай-ақ телефоныңызда «eGov Mobile» арқылы, жеке кабинетіңіз арқылы хат жазып мемлекеттік органға құқық бұзушылықты көрсетіп еркін түрде мынандай күні мынандай жерде болды, осы құқық бұзушылықпен келіспеймін деп наразылығын білдіре алады.
Ескеретін жайт, айыппұл қай өңірден салынса, сол жердегі полиция басқармасына арыз жазу керек. Сондай-ақ шағым түсірмес бұрын айыппұл туралы қаулы қолыңызда болуы шарт.
Тархан Закарин, қалалық прокуратураның басқарма аға прокуроры:
«Qamqor» порталы арқылы өзіңіз қажет деп есептеген кез-келген құжатты тіркей аласыз. Оның ішінде фото, видео бейнематериалдар немесе өзгеде органдардан, ұйымдардан алған құжаттарды тіркей аласыз. Жүргізушінің өтінішін қарау мерзімі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 817-бабына сәйкес, 15 тәулік мерзімді құрайды.
Серік Жұмабек, тілші:
Полиция қызметкерлері тексеру нәтижесінде жүргізушінің кінәсі жоқ екенін анықтаса, айыппұлды алып тастай алады. Ал егер сіздің шағымыңыз мүлде қанағаттандырылмаса әрі қарай сотқа не прокуратура органдарына жүгінуге құқығыңыз бар.
Серік Жұмабек
