Оралда 15 жастағы бала суға батып кетті. Қайғылы жағдай Шаған өзенінің бойында болған. Құтқарушылардың айтуынша, қалалық №37 мектеп оқушысы суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған. Ата-анасы ауылға кетіп, 9-сынып оқушысы соңғы емтиханын тапсыру үшін үйде қалған.
Бұдан өзге шомылу маусымы басталмай жатып, Бәйтерек ауданы Белес ауылында екі жасөспірім суға батып кетті. Олар өзенді кешіп өтпекші болған. Облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген, арнайы жабдықталған 34 орын белгіленді. Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға үндеп отыр. Ал ережеге бағынбай, өзі мен балаларының өміріне қауіп төндірген 22 адамға айыппұл салынды. 4 адам құтқарылды.
Руслан Шариев, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
Су айдындары дайын емес, ол жер зерделенбеген, құтқарушылар жоқ. Сондай жерге суға түспеуін сұраймыз және жергілікті атқарушы органдар ол жерге ескерту тақтасын қойып қойған - «Шомылуға рұқсат етілмеген жер» деген.
Ардақ Мұратқызы
