Миграциялық рейдтерге қарсы шеру тыйылмай жатқан Лос-Анджелесте коменданттық сағат жарияланды. Алайда демонстранттар наразылықты тоқтатқан жоқ. Акция елдің 10 қаласына тараған. Техасқа да ұлттық гвардия жауынгерлері кіргізілуі мүмкін. Ақ үй басшысы Дональд Трамп тыныштық орнағанға дейін әскерилер тәртіпті қадағалайтынын ескертті. АҚШ-та маусымның 14-де америкалық лидерге қарсы ауқымды шеру өтпек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, күллі ел аумағында 1800-ден астам митинг жоспарланған.Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Лос-Анджелесте президент Трамптың көші-қон саясатына қарсы наразылық шеруі бесінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Мэр Карен Басс қала орталығындағы шағын ауданда коменданттық сағат жариялады. Себебі мұнда вандализм, тонау деректері тіркелген. Демонстранттар бұған қарамастан шеруді тоқтатқан жоқ. Лос-Анджелес полиция департаменті жаппай тұтқындаулар болып жатқанын мәлімдеді. Сейсенбіде 197 адам қамауға алынған.
Иммигранттарды қолдайтындар шеруі 10 қалаға тарады. Лос-Анджелеске Нью-Йорк, Атланта, Чикаго, Филадельфия, Даллас, Остин мен Сан-Франциско қосылған. Соңғы мәліметке қарағанда, Техасқа да ұлттық гвардия жауынгерлері кіргізілмек. Тәртіпсіздіктерге ұласқан шерулерді тарату үшін президент Дональд Трамп Лос-Анджелеске ұлттық гвардияның 4 мыңдай сарбазымен бірге теңіз күштерінің 700-дей қызметкерін жөнелткені мәлім. Ақ үй басшысы қала көшелерінде бейбітшілік орнамайынша, әскерилер тарқамайтынын мәлімдеді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Олар қауіпті болса, бетон немесе кірпіш лақтырса, полицияға түкіріп, адамдарды ұрғанын тоқтатпаса, әскерилер сол жерде болады. Қаланы сақтап қалуымыз керек. Лос-Анджелесті құтқарғым келеді. Ньюсом қызметін дұрыс атқара алмай жатыр.
Трамптың федералық үкіметі мен Калифорния штатының шенеуніктері арасындағы шиеленіс иммиграциялық рейдтерге қарсы шерулер барысында ушығып отыр. Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом президенттің әрекеттерін театрландырылған және саяси астары бар деп сынға алды.
Гэвин Ньюсом, Калифорния штатының губернаторы:
Дональд Трамптың Американың ірі қаласына әскер кіргізгені үшін сотқа шағым түсірдік. Күдіктеніп немесе адамның түсіне қарап, көшеден әркімді тұтқындай берсе, ешқайсымыз да өзімізді қауіпсіз сезіне алмаймыз.
«Би-Би-Си-дің» мәліметіне қарағанда, Лос-Анджелес көшелерінде ұлттық гвардия жауынгерлері мен теңіз күштерінің қызметкерлері жүрген жоқ. Олар қала орталығындағы федералды ғимараттың қасында шоғырланып, оған кіретін жолдарды бөгеп тұр. Бұған қоса теңіз күштері мен ұлттық гвардияшылардың демонстранттарды қамауға алуға құқығы жоқ.
Арай Төлегенқызы
