Қарағанды облысында көгілдір отынға қатысты күрмеулі мәселе шешілер емес. Энергетика министрлігі дайындаған жобалық-сметалық құжаттарға қарамастан қажетті қаржы тек 2 ірі қалаға ғана бөлінген.
Теміртауда 2020 жылы көгілдір отын жүйесі тартылғанымен, сол күйі қолданысқа берілмеді. Тіпті газ пештері әлі күнге дейін бірде-бір рет қосылмаған. Кепілдік мерзімі де өтіп кеткен. Әкімдік пен мердігер компания арасындағы құжат бойынша келіспеушілік соңы сотқа жеткен.
Жангелді Көкенов, Теміртау тұрғыны:
Кіргізіп қойды бәрі. Оның уақыты бітті. Кепілдікке бір жыл ғана береді. Міне, үш жыл өтті. Төртінші жылға кетіп бара жатыр. Әкім келеді, айтады-айтады, кетеді. Күтіңдер, күтіңдер дейді. Олай болмайды ғой. Қашанғы күте береміз?! Халықтың кінәсі не? Халыққа газды берсін. Сосын шеше берсін.
Қарағанды мен Теміртауға газ тарту үшін республикалық бюджеттен 70 млрд теңге қарастырылған. Ал облыстың басқа аймақтарына жобалар дайындалғанымен, қаржы бөлінбей келеді. Мәселен, Шет ауданына көгілдір отын тарту үшін 41 миллиард 23 миллион теңге қажет. Ал Саран, Ақтас және Дубовка елді мекендеріне газ тарту үшін 14 миллиардқа жуық қаржы қажет.
Адай Қуаныш, Қарағанды облыстық ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
Республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Олар барлық сумманы бір мезетте бере алмайды. Әр жерге әртүрлі. Ақтау – Ғ.Мұстафин кентіне 10 миллиард. Осакаровка ауылына 7 миллиард сома. Барлығы республикалық нақтылауда тапсырылған болатын.
Жандос Бақытұлы
