Автобус апаты: 7 жасар қыздың отбасына баспана берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автобус апаты: 7 жасар қыздың отбасына баспана берілді

09.06.2025

Астанадағы автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған 7 жасар Алуаға бүгін екінші ота жасалды. Дәрігерлер жеткіншектің денсаулығы жақсарып келеді дейді. Бірақ психологиялық жағдайы әлі де ауыр. Ал баланың отбасына бүгін 4 бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды. Тұрғын үй қазанда пайдалануға беріледі. Құрылыс компаниясы пәтерді жабдықтауға да көмектеседі.

2 маусымның кешінде автобус ішінде болған Алуа ауруханаға аса ауыр халде жеткізілді. Бірінші сыныпты енді бітірген бала анасы және бауырларымен Астанада тұратын әжесіне қыдырып келіпті. Олар апат болатын күні автобустың алдыңғы жағында отырған. Қоғамдық көлік бағанаға соғылғанда Алуаның екі аяғы қысылып қалған.

Бахтияр Серік, Алуаның ағасы:

Жалпы қазір Алуаның жағдайы жақсарып келе жатыр. Бірақ психологиялық жағдайы дұрыс болмай жатыр. Қызда стресс. Осы бағытта жұмыс істеп жатыр дәрігерлер.

Алуаға бүгін екінші ота жасалды. Енді оңалтудан өтіп, емделуіне уақыт керек. Бәрі ойдағыдай болса, жарты жылдан кейін протез қойып, ақырындап жүре бастайды, дейді дәрігерлер

Арслан Дүйсенбай, №2 балалар ауруханасының Бөлім меңгерушісі, травматолог:

Бастапқыда протезбен жүру қиынға соғуы мүмкін. Бірақ уақыт өте соның көмегімен толық жүріп кете алады. Бастысы – инфекцияның таралуына, сепсиске ұласып кетуіне жол бермеу. Тез қалыпқа келуі үшін психологиялық жағдайы да өте маңызды. Қазір бір емес, бірнеше психолог қолдау көрсетіп жатыр.

Зардап шеккен баланың отбасына қаржылай қолдау да көрсетіледі. Бүгін Президенттің тапсырмасымен Алуаның анасына 4 бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды. Сондай-ақ анасының шотына көмек ретінде 20 миллион теңге аударылады. Бұдан бөлек, сақтандыру есебінен тағы 19 миллион 600 мың теңге төленеді.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:

Әкімшілік қазір 10 миллион теңгені берді. Қосымша 10 милилон береміз деп жоспарлап отырмыз. Ресми түрде осыны айтып отырмын сізге, баспана мәселесі осы жерде шешілді.

Алуаның анасы 5 ұл-қызын жалғыз тәрбиелеп отыр. Алуаның қасында болып, күндіз-түні қарау үшін Егіндікөл ауылындағы балабақшадағы жұмысынан шығып кетіпті. Автобуста болған нағашы әжесі мен зардап шеккен тағы бір жолаушы ауруханада жатыр. Ал, бағанаға соғылған автобус жүргізушісі қазір қамауда, тергеу жүріп жатыр.

Жанел Нұрболат


Хабарламаларға жазылу