Болгарияның теңіз порттары Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болгарияның теңіз порттары Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылуы мүмкін

09.06.2025

Болгарияның Бургас және Варна теңіз порттары Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылуы мүмкін. Болгария Президенті Румен Радевтың Қазақстанға ресми сапары кезінде осындай келісім жасалды. Одан бөлек тараптар мұнай-газ, энергетика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластық жасады. Оңғар Алпысбайұлы ретімен айтады.

Астанаға ресми сапармен келген Румен Радевты Президент Ақордада салтанатпен қарсы алды.

Бір-біріне делегация мүшелерін таныстырған соң екі елдің әнұраны шырқалды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Болгария Президенттері бұған дейін Қазақстанға 3 рет сапарлаған. 1994, 2003 және 2010 жылдары. Ал екі ел арасындағы сауда-саттық соңғы жылдары көз ілеспес қарқынмен дамып келеді. Олай дейтін себебіміз, былтыр 375 млн доллардың тауарын алмасқанбыз. 1 жылдағы өсім 4 есеге жуық. Осы жолғы сапар да Балқан түбегіндегі елмен барыс-келісті арттырары сөзсіз.

Болгария – Қазақстан үшін Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Сауда-саттық артып келеді. Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 миллион доллардан асты, ал былтыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 миллион долларға жеткен. Энергетика, көлік және логистика, атом өнеркәсібі мен цифрландыру бойынша ықпалдастықтың да, әлеуеті зор. Келіссөз кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев осыны айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан экономикалық ынтымақты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл. Болгария – Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі.

Румен Радев, Болгария президенті:

Болгария да Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Табыстың кілті – ықпалдастықта. Екі ел, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуда мемлекеттеріміздің стратегиялық тұрғыдан орналасуына арқа сүйеуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады.

Былтыр Қазақстанның Болгарияға экспорты 11 есе өсіп, 303 млн долларға жеткен. Оның басым бөлігі мұнайға тиесілі. Алюминий, электр құрылғылары, ферроқорытпалар, эфир майлары, дүрбі де сатылып жатыр. Кері бағытта дәрі-дәрмек, электр құрылғылары, азық-түлік өнімдері, косметологиялық заттар импортталады.

Дегенмен Қазақстанның экономикалық әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Біздің тарап жаңа жобаларды қолға алып, экспортталатын тауар түрін еселеп арттыруға дайынбыз деп отыр.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ» Басқарма төрағасы:

Болгарияда екі блоктық атом станциясы жұмыс істеп тұр. Соған байланысты бізде «ҚазАтомПром» және Болгарияның Атом электр станциясы арасында ынтымақтастық әлеуеті бар. Біз оларға уран отынын жіберуге дайынбыз.

Жалпы келіссөздер қорытындысы бойынша 5 ірі келісім жасалды. Солардың сүбелісі Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту тұрғысында ынтымақты арттыру.

Бұл бағыттың жаңа тармағы болып Болгарияның Бургас және Варна порттары қосылуы мүмкін. Мұнда жеткізілген тауарды Еуропаға, Жерорта теңізі арқылы Африка және Атлант мұхиты кеңістігіне өткізу жеңілдемек.

Лидерлер мәдени-гуманитарлық, білім беру және өңіраралық байланыс саласында да бірлескен жұмысты ширатуға уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты екі елдің ұстанымы – ұқсас. Біз бір-біріміздің бастамаларымызды үнемі қолдап келеміз. Көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымыз ойдағыдай дамуда. Мен Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту орталығын ашу туралы бастаманы қолдағаны үшін болгар тарапына, Президент мырзаға зор алғыс айттым. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуал мен түрлі қақтығыстар елдерімізді алаңдатып отырғаны сөзсіз. Қос тарап та барлық түйткілді бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды.

Румен Радев та тараптар қызығушылық танытатын барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасқа салмақты талдау жасалғанын атап өтті.

Румен Радев, Болгария президенті:

Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. Транскаспий көлік дәлізін одан әрі дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылуы екі ел арасындағы байланыстарды ілгерілетуге ниетті екенімізді көрсетеді. Осы орайда Қазақстан мен Болгарияның географиялық тұрғыдан орналасуын барынша тиімді пайдалану керек. Өйткені бұл бағыт Азия мен Еуропаны жалғайды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Ұлттық банктің мәліметі бойынша былтыр болгария кәсіпкерлері Қазақстанға 7 млн 800 мың доллар инвестиция құйған. Ал 2005 жылдан бері тартылған тікелей инвестицияның көлемі 76 млн доллардан асып жығылады. Осы жолғы сапар аясында да Болгарияның ірі кәсіпкерлері Қазақстанға келді. Яғни бизнес саласындағы ынтымақтастықтың көкжиегі әлі де кеңейе түседі.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу