Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды. Бұл қызметті ол 2022 жылдың 19 қаңтарынан бастап атқарған.
Президент келесі жарлығымен Дәурен Қосановты Қорғаныс министрі қылып тағайындады. Ол Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болған.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы бірден жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрін қабылдаған.
Кездесуде Мемлекет басшысы армияның жауынгерлік дайындығын нығайту, басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу, Арнайы операциялар күштерінің мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік және идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды жаңғырту бойынша нақты міндеттер жүктеді де жазылған релизде.
Мемлекет басшысының тағы бір Жарлығымен Марат Қарабаев Көлік министрі лауазымынан босатылды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысының өкімімен Әсел Жанасова Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Ол «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы болған.
Осы аптада Мәжілісте екі маңызды мәселе талқыланды. Алдымен республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы қарым-қатынасқа тоқталамыз. Бұл жәй ақша аудару емес, бұл - ауызсу, жол, балабақша, мектеп, емхана, аурухана салына ма, жоқ па? – осындай өзекті дүниелерді реттейтін жүйе. Жалпы сипаттағы трансферттер деген бар. Бұл өңірлердің мүмкіндіктерін теңестіруге арналған құрал.
Қарапайым түсіндірсек, облыстың қанша салық жинайтынына қарамай, әр облыстың әрбір тұрғыны білім алу, медициналық көмек алу, таза ауыз су ішу сияқты конституциялық һәм базалық құқықтарға бірдей қол жеткізуі тиіс. Яки көңіл, дәлірегі - ақша бір облыстың тұрғынына көбірек, екіншісіне азырақ бөлінбеуі керек. Иә, облыс халқының саны, орналасу тығыздығы ескеріледі. Бірақ принципті нәрсе – әрбір азаматтың құқының сақталуы. Осы жерде алалау барын байқауға қаржы маманы болудың қажеті жоқ.
Екінші мәселе –қаражаттың мақсатсыз жұмсалатыны. Депутаттардың айтуынша, әкімдіктер мысалы, балабақшалардағы жаңа орындарға бөлінген ақшаны басқа мақсатқа жұмсай салады. Тіпті «міне, нақ мынаған жұмсалады» деген мақсатты трансферттердің өзі қосалқы жобаларға бағытталады екен.
Сонымен бірге әкімдіктер кішігірім жұмыстарға дейін республикалық бюджеттен ақша алуға тырысып бағады. Бір сөзбен айтқанда бюджетаралық қарым-қатынас күңгірт болғаннан және жазаның жұмсақтығынан жүйе жоқ. Нақты бір мәселенің түйінін тарқатады деген түрлі бағдарламалар түпсіз бөшке сияқты – құйған ақша құйғандай кетіп жатыр, кетіп жатыр. Ішің күйетіні – нәтижесі анау айтқандай емес. Жалпы, бюджеттің кірісі мен шығысы «сахна сыртында» шешілетін жүйені талқандау керек. Данияр Қайыртайдың сараптамасы.
