Бельгия-Қазақстан іскерлік кеңесінің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгия-Қазақстан іскерлік кеңесінің отырысы өтті

06.06.2025

Бельгиялық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына қаржы құйып, жаңа технологияларын енгізуге ниетті. Бизнес өкілдері ынта-ықыластарын Брюссельде өткен «Бельгия-Қазақстан іскерлік кеңесінің» 3-отырысында мәлімдеді. Шараны Қазақстан мен БеНиЛюкс елдерінің Сауда Палаталары еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. Басқосуға қос елдің 50-ден астам компания өкілдері қатысты.

Бельгия-Қазақстанның Батыс Еуропадағы басты инвесторларының бірі. Корольдік кәсіпкерлері соңғы бір жылда қазақ экономикасына 1 млрд доллардан астам қаржы құйған. Былтыр өзара тауар айналымы 17 пайызға өсіп, 456 млн долларды құрады. Алыс-берісті арттыруға қос тарап та мүдделі.

Марғұлан Баймұхан, Қазақстан Республикасның Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы тұрақты өкілі:

Бельгиялық кәсіпкерлер үшін Қазақстан әлеуеті зор нарық. Әрі Орталық Азия елдеріне шығуға маңызды қақпа. Сондықтан, олардың біздің елде жұмыс істеуге, қаржы құюға құлшынысы күннен күнге артуда.

Мұрат Қарымсақов, «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы:

Бельгиялық серіктестерімізбен атом энергетикасы бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыруды талқыладық. Бельгияда электроэнергияның 30 пайызын атом станциялары қамтамасыз етіп отыр. Бұл біздің ел үшін жақсы тәжірибе.

Қазір елімізде Бельгия капиталының қатысуымен 70-тен астам компания жұмыс істеп жатыр. Кездесуде кәсіпкерлер Қазақстандағы тәжірибелерімен, жоспарларымен бөлісті.

Денис Ван Ден Веге, Қазақстандағы Бенилюкс сауда өндірістік палатасының президенті:

Қазақ үкіметі экономиканы диверсификациялап, жаңа технологияны, блокчейн, криптовалюта, жасанды интеллект пен жасыл энергияны дамытуға басымдық беруде. Осы саладағы Бельгияның тәжірибесімен бөлісіп, қазақ бизнесімен ынтымақты арттыруға ниеттіміз.

Басқосуда білім, химиялық өндіріс, биотехнология саласында ынтымақты күшейту жайы да сөз болды. Қос елдің кәсіпкерлері биологиялық пестицидтер, экологиялық таза тыңайтқыштар жасап, су тазарту бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу