Құрбан айт – 2025: Мал базарларындағы сауда қызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрбан айт – 2025: Мал базарларындағы сауда қызды

06.06.2025

Бүгін еліміздің барлық мал базарларында сауда қыз-қыз қайнап тұр. Тұрғындар көбіне құрбанға қой шалады. Бірнеше отбасы бірігіп ірі қара союға болады. Дегенмен ондайлар сирек дейді сатушылар. Баға да былтырғыға қарағанда өскен. Әр өңірдегі қойдың құнын әріптесіміз шолып шықсын.

Қарағанды мал базарына саудагерлер өңірдің түкпін-түкпірінен жиналған. Барлығы биыл бағаның өскенін айтады. Мысалға, тоқтылардың бағасы 65 мың теңгеден басталса, қойлардың құны 80 мың мен 120 мыңның айналасында бағаланып жатыр. Орташа есеп – 100 мың теңге. Ал сирек сойылатын ірі қара мал құны 250 мыңнан басталады. Былтыр бұл баға 10-20 пайызға төмен болған.

Ерғанат Қажығалиев, саудагер:

Марқа-тоқтылар 60-65 мыңанан басталады. Қойлар 80-85 мың. Ешкілер 40-45 мың болып жатыр. Қошқарлар әкелмедік. Олар 120 мың болып жатыр. Былтырғы баға төмен болған. Құрбан айт алдыға жылжыды ғой. Малдың күйі де былтырғыдай емес.

Атырауда да тура осы жағдай. Ақшасын былтырғы бағамен есептеп келген тұрғындар көңілі қалаған малға жеткізе алмай әлек.

Заңсыз мал саудасына тыйым салынды

Ал кей қалалардағы мал базарларында жөнді жағдай жасалмаған. Мәселен, Семейде қаланың екі шетінде сату орны белгіленсе, соятын үш алаң қаланың басқа аудандарында орналасқан. Өзге орындарда заңсыз сауда жасауға тыйым салынады. Бұл біраз кедергі келтіріп тұр дейді сатушылар.

Алмас Зейноллаұлы, саудагер:

Алатын адамдар бар келеді. Соятын жер жоқ, қайтып кетеді. Машиналарына ешкім сасып салғысы келмейді. Жағдай жасалмаған. Кіргені 5 мың теңге. Мына жерден бір бас сатпай тұрмыз. Таңертең 7 - 8 ден тұрмыз. Ешкім қатты саудаласып жатқан жоқ.

Мейіржан Қамбатыров, Семей қаласының тұрғыны:

Бірі қымбат, бірі арзан. Халыққа неғұрлым арзан болса. Мал 60 мың дейді. 50 мың дегені тіпті арық екен. 60 мыңның малының күйі орташа, кейбірі 70 мың деп көтеріп жатыр.

Мал базарларындағы сауда қызды

Жалпы, құрбан шалу сүннетке негізделген ғибадат. Қан шығарып, құлшылық жасау арқылы, жамандықтан алыстаймыз, қиындықты жеңеміз дейді тұрғындар.

Бәтимә Тұрсынова, Шу қаласының тұрғыны:

Шудан келдік. Әкемізді операцияға алып келдік. Отадан аман-есен айығып кетсін деген ниетпен міне құрбанға қой алып, осы жерде шалдық. Бала-шаға, денсаулық үшін жылда құрбандық шаламыз.

Балғабек Кәрімжанов, Астана қаласының тұрғыны:

Үш бас қой алып, құдай қаласа бүгін құрбан шаламыз. Тарататынын таратып жіберем. Мешітке беретінін мешітке беріп, қалғанын жан-жаққа кемшіл адамдарға үлестіремін. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар, жұмыстағы балалар бар, құдай қаласа соларға таратамыз.

Сонымен бүгін республика бойынша орта есебін шығарсақ, тоқтылар 50-60 мың теңгеден сатылды. Ал семіз қойлар 100 мың теңгеден басталып, одан да қымбатқа саудаланды. Құрбанды айттың екінші, үшінші күндері де шалуға болады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу