Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері құрбан айтты мерекелеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері құрбан айтты мерекелеп жатыр

06.06.2025

Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка мұсылмандары да бүгін Құрбан айттың бірінші күнін мерекелеп жатыр. Ид-әл-Адха мейрамында Мысыр мен Иордания тұрғындары мешіттерге жиналып, намаз оқып, содан кейін бір-біріне сыйлық берді. Тунисте де жамағат тәңсәріден мешіттерге ағылып, Аллаға мінәжат етіп, кейін діни мерекені үйлерінде тойлады. Туған-туыстарына құттықтау жолдады. Құрбан айт – Исламның негізгі екі мейрамының бірі.

Сәлем Әбдел Хади, Иордания азаматы:

Алланың атынан ант етемін: бұл мереке басқаларынан өзгерек. Бір жағынан биыл қуанышымыздан қайғымыз басымдау болып тұр. Олай дейтін себебім – Газа халқының жағдайы өте қиын. Құдай қаласа, келесі жылы екі Айтты да палестиналықтардың қуанышы, жеңісі, даңқы құрметіне тойлаймыз деп үміттенемін.

Ал Газа секторында палестиналықтар Израильдің авиациялық соққысынан қираған мешіттерде Айт намазын оқыды. Қазір Израиль армиясы мұнда «ХАМАС» қозғалысын жою операциясын жүргізіп жатыр. Газадағы соғыс 2023 жылы 7-қазанда басталды. Оған Израильдің оңтүстігінде 1200-дей адам өлтіріліп, 251-і кепілге алынуы себеп болды. ЦАХАЛ сол кезде «ХАМАСТАН» кек алуды мақсат етті. Бүгінге дейін 54 мыңнан астам палестиналықты мерт қылған. Сол құрбандардың көбі – қарттар, әйелдер, балалар.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу