«2050 жылға қарай мұхиттар балықтан гөрі пластикке толады». Осылай дабыл қаққан Еуропа экологтары жаһан елдерін пластиктен бас тартуға үндеуде. ЕуроОдақ елдері төрт жыл бұрын бір рет қолданатын пластик ыдыстарды тұтынуға, шығаруға тыйым салды. Қоршаған ортаны қорғау үшін қарт құрлықта тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау міндетті. Әріптесім Нұрсұлу Қасым бізбен байланыста. Нұрсұлу, қайырлы күн! Еуропада, өзіңіз тұратын Бельгияда қоқыс сұрыптау тәжірибесі қалай?
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қайырлы күн, әріптестер! Бельгияда біз қоқысты төрт түрлі пакетке сұрыптап, мынадай жәшіктерге саламыз. Мәселен қағаз бен картонды сары дорбаға, пластик, қаңылтырларды көкке, қатқан нан, жеміс, жидек, тамақтың қалдығын қызғылт сары түсті пакетке салу қажет. Бұлардың барлығы қайта өңделеді. Ал жұмыртқаның қабығы сияқты өңдеуге жарамайтын қоқыстар ақ дорбаға жиналып, өртеліп, одан электроэнергия өндіріледі. Брюссельдегі бір ғана зауыт жылына 500 мың тонна қоқыс өртеп, одан 262 млн кВт тоқ алып отыр. Сұхбатты бірге тыңдайық.
Джек Делинте, қоқыс өртеу зауытының бас инженері:
Бұл қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жоба болғандықтан біз жыл сайын технологияны дамытып отырамыз. Ауаға улы заттар тарамас үшін түтін мұржасына ең қымбат фильтр орнатқанбыз. Яғни шығып жатқан түтіннің адамдарға, ауаға еш зияны жоқ.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Еуропа елдері өртенген қоқыстың күлін де кәдеге жаратып отыр. Ол өзен-көлдердің жағасын бекітуге, құрылыс заттарын шығаруға пайдаланылады. Қураған гүл, шөп те құр қалмайды. Олардан қайтадан гүл егуге, егістікке пайдалануға тыңайтқыш жасалады. Сондай ақ Батыс елдерінде сынған тоңазытқыш, телевизорды да есіктің алдына шығара салуға болмайды. Қаланың шетінде орналасқан өндірістік контейнерге өзіңіз апарасыз немесе 100-200 еуроға алып кететін арнайы қызмет мамандарын жалдау қажет. Сұрыптау тәртібін сақтамай, қоқысты қалай болса солай салғандар 250 еуроға дейін айыппұл арқалайды.
Нұрсұлу Қасым
