Қарағанды облысында 15 медициналық нысанның құрылысы кешігуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 15 медициналық нысанның құрылысы кешігуде

04.06.2025

Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Ақой ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы аяқталмай жатыр. Медициналық нысан былтыр желтоқсан айында іске қосылуы тиіс еді. Алайда 241 миллион теңге бөлінген ғимарат халық игілігіне әлі берілмеді.

600-ден аса тұрғыны бар ауыл жұртшылығы бүгінде мәдениет үйінің аядай бөлмесінде ем алуда. Ескі ғимараттың тозығы жеткен. Жаңасы болса тек 80 пайызға ғана аяқталған. Кестеден кешіккен мердігер келісімшартты амалсыздан маусым айына дейін созған.

Ернар Шаханов, Ақой ауылының тұрғыны:

Тез бітіріп, ауыл тұрғындарына берсе дейміз. Өйткені көптеген ыңғайсыздық бар. Қарапайым система ала алмай жатыр. Мұнда зейнеткерлер көп тұрады. Бұл жерде жұмыс жоқ. Сондықтан үлкен кісілер тұрады.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Жалпы, өңірде құрылысы тұралаған дәл осындай 15 медициналық нысан бар. Барлығы 2024 жылдың соңына дейін тапсырылуы керек болған. Бір қызығы, бұл нысандардың барлығы бір мердігер компанияға тиесілі көрінеді.

15 нысанның 10-ы Шет, қалғаны Қарқаралы ауданында салынуда. Барлығын бір құрылыс компаниясы заңды түрде жеңіп алған. Бірақ оның бірінде уақытылы тапсырмаған.

Игорь Зубов, «Сму-5» ЖШС басшысы:

Біз жауапсыз қосымша мердігерлердің кесірінен 2 ай жоғалттық. Бұл өз кінәміз. Кейін ауыл әкімдері су және тоқ көзімен дер кезінде қамтамасыз ете алмады. Тұрғындардан көмек сұрап амалдадық. Ауылдардың арасы тым алыс, жол нашар. Осының барлығы әсер етті.

Кейін 4 айға жуық сот процесі жүріп, компания 16 миллион теңге айыппұл төлеген. Қазір барлық жұмыс қайта жанданған көрінеді.

Абылай Смағұлов, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

Ауа райының себептеріне, медициналық жабдықтардың кешігуіне байланысты кейбір нысандардың құрылысы осы жылға өткізілді. Әрине құрылыс болған соң, осындай түрлі себеп болады. Басқарма тарапынан тиісті шаралар атқарылуда. Енді үлгермей жатқан мердігерлерге санкцияға жүгінеміз. Айыппұл саламыз.

Ұлттық жоба аясында өңірде 3 жыл ішінде 92 медициналық ғимарат салынуы тиіс. Алайда 2 жыл өтсе де, тек 26 нысан ғана толық аяқталған. Жауаптылар қалған 66 нысанды биыл тапсырамыз деп сендіруде.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу