Мектеп оқушысы айына 5 млн теңге қаражат табады десе сенесіз бе? Иә, қазіргі дамыған заманда бәрі де мүмкін. Елімізде тіпті балаларға табыс табуды үйрететін арнайы орталықтар да көбейген. Алайда бұл үрдістің балалар психологиясына әсері қандай? Заң бұл мәселеге не дейді?
Ұлжан бар-жоғы 16 жасында кәсібін дөңгелетіп, алғашқы табысын тауып үлгерген. Бұған кәсіпке баулитын орталыққа барып, білім алғаны сеп болыпты. Ерте жастан қаражат табуға ұмтылу – білімге деген құлшынысты төмендетпей ме?
Ұлжан Наркеш, 9-сынып оқушысы:
Сабағымды жақсы оқимын. Үздікпін. Сол үшін ондай ой ешқашан келмеген. Өйткені оқу әрқайым керек. Осы уақытта мен көптеген жобамды қорғауды, бір инвестиция алуды үйреткен болатын.
Олжас Сұлтанбеков, орталықтың негізін қалаушы:
3000-ға таман жасөспім оқыған. Қазір 8-поток жүріп тұр. Бердібек Сапарбеков деген оқушымыз. Қазір 19 жаста. Айналымы айына 5 млн теңге.
Заңгердің айтуынша, 14-16 жастағы жасөспірім аптасына 24 сағат қана жұмыс істеуге құқылы. Яғни, күніне 4 сағат еңбек етуге рұқсат.
Мерхат Ахметолдин, заңгер:
Түнгі сағат 21:00-ден аспайтын жұмыстар. Ауыр жұмысқа, сынақтық жұмысқа қатысы жоқ екенін айтып өту керек. Бірақ бұл ең алдымен ата-аналардың рұқсатымен жүзеге асады.
Ақша табу – жай ғана қызығушылық емес, бұл – қажеттілік. Десе де еңбекке ерте араласу бала психологиясына қалай әсер етеді?
Балабек Сақтаған, психолог:
Балалар істейтін жұмысына да шектеу қоюға болмайды, олардың білім алуына да шектеу қоюға болмайды. Бұл балалардың тұлға ретінде дамуының алғашқы баспалдақтары болып саналады.
Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың қаржылық сауатын арттыруға ерекше ден қойып келеді. Бірақ: «бұл - баланы ерте жастан ақша табуға үгіттеу емес», - деді ведомство вице-министрі.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
Баланың алдында кез келген машықты үйренуге, еңбекке араласуындағы негізгі мақсат - қаржы табу болмауы керек. Ол – болашақ маман болуға бағытталуы керек. Ал енді қаржы табу ретінде қарастыру - ешқандай нормаларға сәйкес келмейді.
Ойыннан – ойға, ермектен – кәсіпке. Иә, бизнеске бейімі бар балаға тосқауыл қоюға болмас. Бірақ мол табыс— бір сәтте келетін сый емес. Ол - біліммен басталып, тәжірибемен бекитін ұзақ жол. Сондықтан: «балаға ақша емес, ең алдымен бағыт-бағдар қажет», - дейді сала мамандары.
Ақниет Балтанова
