Астанадағы автобус апатында зардап шеккендерге өтемақы төленеді. Ақпарат елорда әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. Қанша қаражат, нақты кімдерге берілетіні сот-медициналық сараптамасының нәтижесі шыққан соң анық болады. Полиция жүргізушіні қамауға алған. Жол апаты кезінде зардап шеккендердің жағдайы қалай?
Асылбек Данияр, тілші:
Автобус апаты Республика даңғылы бойындағы «Самал» ықшамауданы маңайында болған. Маневр жасамақ болған қоғамдық көлік жүргізушісі мына бағанаға келіп соғылған. Қазір оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Соққы салдарынан автобустың алдыңғы жағында отырған 15 жолаушы зардап шеккен. Оның алтауы бала. Астаналық Мөлдір Жақан жеңіл-желпі жарақат алған. Оқиға кезінде есеңгіреп қалған ол бірден жедел жәрдем шақырған. Айтуынша, қоғамдық көліктің ішінде бос орын болмаған.
Мөлдір Жақан, куәгер:
Мен алдыңғы қатарында отырдым. Бағана кіріп кеткен жерден 2-3 қатар артта отырған шығармын. Басыммен қатты соғылғаным есімде. Заттарымды алуға автобусқа кіріп едім, қысылып қалған кішкентай баланы бір топ адам алып шығып жатыр екен. Соны байқадым. «Демал-демал, бәрі жақсы болады», - деп тыныштандыруға тырысып жатты. Автобус қатты жылдамдықпен келе жатты деп айта алмаймын.
Қазір зардап шеккен 3 адам ауруханада жатыр. Екі науқас жансақтау бөлімінде. Соның бірі – 8 жастағы қыз. Дәрігерлер оның екі аяғын да кесуге мәжбүр болған. Қазір хал үстінде дейді. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілінің айтуынша, әртүрлі дене жарақатын алған келіншектің де жағдайы ауыр. Қалғаны үйге емделуге жіберілген.
Әйгерім Ардақ, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
Үшінші адамның жағдайы жақсы. Қазір бөлімшеге ауыстырылды. Барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Кеше оқиға орнында 9 бригаданың көлігі барып, көмек көрсетті.
Автобус тізгінінде болған 37 жастағы азамат қамауға алынған. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Эльмира Шауленова, қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы:
Жол жүрісі фактісі бойынша адамға ауыр дене жарақатына әкеп соққаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Қоғамдық көлік жүргізушісін қандай жаза күтіп тұрғаны белгісіз. Белгілісі - еңбек өтілі 15 жылдан асады. Оқиға болған күні ол алдын ала міндетті медициналық тексерістен өтіп, жұмысқа жіберілген. CTS өкілдерінің ақпаратынша, автобус 2024 жылғы, желіге шыққан сәтте техникалық тұрғыдан жарамды күйде болған.
Асылбек Данияр
