Атырау облысында қарақұрт қаптады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында қарақұрт қаптады

02.06.2025

Атырау облысы Индер ауданында қарақұрт қаптады. Улы жәндік барлық округтің жайылымдық жерін жайлап алған. Былтыр 13 адам зардап шегіп, 40 шақты мал қырылған еді. Ахуал биыл да күрделі. Сондықтан шаруаларға малға бақылауды күшейтіп, ал тұрғындарға қарақұрт шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керегі ескертіліп жатыр.

Қарақұрттан зардап шеккен шаруалардың бірі - Өрлік ауылының тұрғыны Қайырлы Шәмшиденов. Соңғы 4 жылда 2 бие, 7 түйесінен айырылған. Бұл тек бір шаруашылық қана. Ал ауданда мал бағатын 300 қожалық бар.

Қайырлы Шәмшиденов, Өрлік ауылының тұрғыны:

Қарақұрттың көбейіп кеткеніне ештеңе істей алмай отырмыз. Жердің жағдайы мынау. Әкімдік ештеңе айтпайды. Былтыр да, алдыңғы жылы да айттық. 5 жылдай болды. Жылда түйе өледі. Екі-үшеуден өліп жатыр. Шарбақтағы ботаның өзін шағып, система салып, аман алып қалып жатырмыз.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қарақұрттың шағуы мамыр айының аяғы мен маусым айының басы, яғни күн ысыған кезде басталады. Осы кезде малшылар аяққа етік киіп жүруге кеңес береді. Өйткені бұл жәй ғана қауіпсіздік шарасы.

Әзірге төрт түлік улы жәндіктен аман. Алайда Махамбет ауданында 40 жастағы азамат зардап шегіп, ауруханаға түскен. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсеткеннің арқасында ол аман қалды.

Ақылбек Сабыров, дәрігер:

Екі күн бұрын шағып алған. Түнде келгенде жағдайы ауыр болды. Бірінші кезекте дезинтоксикациялық терапия жүргіздік. Мұның симптомдары бас ауруы, шаққан жердің ауруы, қызу және удың қан айналысқа түскен соң әрі қарай бүйрекке түсуі.

Осыдан екі жыл бұрын өңірде қарақұрт шамадан тыс қаптап кетті. Сол кезде 124 түйені шағып, оның 18-і сеспей қатқан. Ал былтыр 40-қа жуық мал өлді. Мамандар қауқарсыз. Өйткені қарақұртты жоюға бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Ержан Әбішев, аудандық ветеринариялық станциясы басшысының орынбасары:

Жеке адамдар дезинфекция жұмыстарына жүгініп жатыр. Енді ол уақытта керолин, нацедолмен малдың өзін тікелей дезинфекция жасауға болады. Ал қоражайға келетін болсақ, шабындық жер бұлар бюджеттен бізге келмейді.

Бір жұмыртқадан 1500-2000-ға тарта зиянкес пайда болады. Осыдан-ақ оның сәт сайын қалай көбейетінін байқауға болады. Енді шаруалар қарақұртты жоюға қаржы бөліп, уы қауіпті деп, ресстрге тіркеп, төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Ұсыныс енді қаралмақ.

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу