Сарбаздар мемлекеттік грантқа ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарбаздар мемлекеттік грантқа ие болды

02.06.2025

Отан алдындағы борышын өтеп келген 2000-нан астам сарбаз мемлекеттік грантқа ие болды. Яғни, әскери қызметшілер еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында тегін оқиды. Сонымен бірге шәкіртақы алып, жатақханада тегін тұра алады. Мұндай грант алғаш рет бөлініп отыр. Қорғаныс министрінің орынбасары мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін түрлі жеңілдікті арттыру жалғаса береді деді. Бұған дейін мұндай қолдауды университеттер өз бетінше ұсынып келген. Биылғы конкурстық іріктеуге 18 мыңға жуық сарбаз қатысып, әскери қызмет кезеңіндегі тәртібі мен үлгерімі бойынша бағаланды. Сондай-ақ таңдаған мамандығына сай екі пәннен тест тапсырып, жоғары нәтиже көрсеткендер грант иегері атанды. Солардың бірі павлодарлық Аманбол Зардыхан. Ол әскерге дейін бастауыш сынып мұғалімі мамандығында ақылы негізде оқыған. Енді химия саласына бет бұрмақ.

Аманбол Зардыхан, Павлодар облысының тұрғыны:

Мұғалімдік жақын еді. Енді екеуін де алып көреміз. Қайсысы ыңғайлы болады, сол бойынша жұмыс істеймін. Бастауыштың соңғы жылы қалды. Соны бітіремін де, осы мамандыққа көшемін.

Гүлім Қуанған, анасы:

Мемлекеттің осы жастарға берілген грантына қатысып, мінекей, бүгін сертификатын алып отыр. Жастарға айтатыным - әскерден қашпау керек. Әскери борышын адал атқарып, мемлекетке, отанға деген сүйіспеншілігін берсін!

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу