Аймақтарда репрессия құрбандарын еске алу шаралары өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда репрессия құрбандарын еске алу шаралары өтті

31.05.2025

Тарихқа тағзым! Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары өтіп жатыр. Тарихшылардың айтуынша, 1920-шы ,40-шы жылдары тек Ақтөбе облысынан 6 мыңдай адам Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Бүгін еңбек ардагерлері мен жастар облыс орталығындағы «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешеніне келіп, тағзым етті.

Бұл ескерткіш ел тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғаларға арналып 4 жыл бұрын қойылған. Мұнда Алаш арыстарының бейнелері бар. Бүгінгі шара барысында тарихшылар мен ардагерлер естеліктер айтып, жастарды тәуелсіздік үшін күрескен тұлғалардың өмірінен тағылым алуға шақырды.

Ахат Мырзалин, Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Бұл тарихымыздағы, қиын уақыттағы азаматтарды қолпаштап, абыройын арттырып, осылардың өмірі жастарға тәрбие болсын деп жасалған шара.

Павлодарда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға жиналғандар алдымен мемориалға гүл шоқтарын қойды. 1920-1941 жылдар аралығында аймақта төрт мыңнан астам адам саяси жазалауға іліккен. Оның жартысына жуығы сотталып, 932 адам атылды. Лагерлерде ұлтымыздың ұлы тұлғалары азап шекті. Олардың қатарында жазушы Жүсіпбек Аймауытов, журналист Қадыр Тайшықов, режиссер, драматург, ҚазКСР-нің тұңғыш халық әртісі Жұмат Шанин бар.

Амантай Құдабаев, Қоғам қайраткері:

Біздің халқымыз өзінің ерекшелігін, бірегейлігін сақтап қалды. Келер ұрпақ, біз алдыңғы толқын ағаларымыздың, апаларымыздың басынан өткен қияметті білеміз. Есімізде ұстаймыз.

Қуын-сүргін және ашаршылық құрбандарын шығыстағы ел-жұрт та еске алды. Өскемендіктер Тәуелсіздік монументіне гүл қойды. Еске алу шарасын «Желтоқсан» қоғамдық ұйымының өкілдері және ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

Динара Самалтұрова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Болашақта келе жатқан ұрпаққа тәрбие ретінде пайдаланғанымыз жөн. Себебі, ұрпақ өткен тарихынсыз болмайды. Сондықтан біз осы күнге жетіп отырмыз.

Зұлмат жылдарда еліміздің оңтүстігінен 7 мыңнан астам азамат қуғынға ұшырап, оның 2 жарым мыңы ату жазасына кесілді. Бүгін Шымкент жұртшылығы қаны нақақ төгілген ата-бабалардың рухына тағзым етті. Халық шаһардың шыға берісіндегі бұл жерді әлі күнге «Албасты сай» деп атайды. Биыл да мұндағы «Қасірет» мемориалына жұртшылық көп жиналды. Олар бабалар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін музейінде ашық есік күні өтті. Еліміз бойынша алғашқы болып ашылған бұл мұражайда ұзақ жылғы ізденістің нәтижесінде 16 мың 700-дей құжат жинақталған.

Біржан Әбдіқали, Саяси қуғын-сүргін музейінің меңгерушісі:

Сол кісілердің өмір жолдары музей қорында сақталып қана қоймасын деп, әрі қарай танысын, жас ұрпақ білсін деген мақсатта ол кісілердің өміріне арнайы әртүрлі іс-шаралар өткіземіз. Университет ғалымдарын тартамыз. Ол кісілердің деректерін зерттеуге ұсынамыз.

Семейліктер «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараға тарихшылар, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу