Астана халықаралық форумы бүгін де жалғасып жатыр. Бірнеше кездесу мен панельдік сессиялар жоспарланған.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Халықаралық форумның бүгінгі бағдарламасы да өте ауқымды. Бірнеше бетпе-бет кездесу, яғни келіссөздер бар. Панельдік сессиялардың ішіндегі ең маңыздылары мынадай. Болашақ Жібек жолы. Халықаралық логистиканың жаңа бағыты. Бұл жерде, әсіресе, Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен оны тиімді пайдалану жолдары қаралады. Сондай-ақ орталық Азияның келесі он жылдығы. Жаһандық жол торабына айналу мәселесі де көтеріледі. Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету тақырыбын да саяси беделді тұлғалар, белді экономистер қаузайды. Жасанды интеллектінің қазіргі деңгейі мен алдағы 10 жылдығы да сөз болады. Бұл тұрғыда Қазақстанның жоспары мен атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Жасанды интеллектіні дамытуға мемлекет тарапынан қолдау бар. Сырттан келген сарапшылар бірнеше жылда бұл өз жемісін береді деп отыр. Мәселен, Қазақстан СryptoCity тұжырымдамасын таныстырды. Яғни, алдағы бірнеше жылда азаматтарымыз криптоволютамен сауда жасап, дүкенде есеп айырыса алады. Жалпы, бүгін де форумның негізгі үш бағыты қамтылады. Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік. Энергетика және климаттың өзгеруі. Соңғысы экономика, қаржы. Алдағы шығарылымдарда бүгін көтерілген мәселелерді жіліктеп жеткіземіз.
Оңғар Алпысбайұлы
