Қарағанды облысында 30-ға жуық елді мекен электр энергиясына зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 30-ға жуық елді мекен электр энергиясына зәру

29.05.2025

Қарағанды облысы Шет ауданында 30-ға жуық елдімекен электр энергиясына зәру. Осыдан 3 ай бұрын желідегі ақаудың кесірінен жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Әйтсе де мәселе сол күйі шешілмеді.

Облыс орталығынан 150 шақырым жерде орналасқан Шет ауданының қазіргі күйі 90 жылдарды еске түсіреді. Жел тұрса, жарық өшеді, артынша байланыс та үзіледі.

Қайырбек Рахымберлин, Шет ауданының тұрғыны:

Қиын, ауылда жарық жоқ. Жарық болмаса, байланыс та болмайды. Көршілердің техникалары жанып кетіп жатыр. Теледидар, тоңазытқыш - бәрі. Бағандар ескі, тозған. Кішкене жел болса, сымдар тиіп, жарық өше береді.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Дәл осындай тозығы жеткен тоқ желілерін Шет ауданынан жиі кездестіруге болады. Тіпті бірнеше ай бұрын ауданға қарасты 30 жуық елді мекен жарықсыз қалған болатын. Тозған желілердің кесірінен дәл қыс ортасында 3 мыңға тарта тұрғын үй бір мезетте электр энергиясынан қол үзді. Дереу жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Бірақ 3 ай өтсе де, өзгерген ештеңе жоқ. Аудандағы барлық қосалқы станцияның жағдайы осындай. Мамандардың айтуынша, электр желілерінің 90 пайызы жарамсыз күйде. Ал тоқ тасымалдаушы компания болса, 2007 жылдан бері желіні жөндеу үшін көк тиын алмағандарын алға тартады.

Құрманғазы Әміров, «ШетЭнерго» ЖШС басшысы:

Біз ақша жинамаймыз, тасымалдаймыз. Энергиямен қамтамасыз ететін ұйым бізге қызметіміз үшін ақшасын төлеу керек еді. Бірақ бүгінгі күнге дейін қаражат жоқ. Сот арқылы ғана өңдіріп жатырмыз. 

Қайырғали Берғалиұлы, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

Олардың қарызы бізге қатысты емес. Бастысы - ауылға жарық беру. Ең бастысы дұрыс тоқ жүру үшін ажыратқыштар қойып жатырмыз. Қандай да жағдай болса, сол арқылы сөндіріп, тоқ береміз.

Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін тозығы жеткен желілерді жөндеуге 106 млн теңге бөлінген. Электр желісін үздіксіз беру үшін 11 ажыратқыш орнатылып, жаңа қосалқы станциялар сатып алынған. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді, дейді әкімдік өкілдері. Сондықтан «ШетЭнерго» компаниясына тиесілі желілерді бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Тозған желіні жаңарту үшін қанша қаржы қажет болатыны сол кезде нақты белгілі болмақ.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу