Алматы облысының мектептері мен колледждерінде «Заң және тәртіп» атты қосымша сабақ енгізіледі. Мақсат – жастарға заңның үстемдігі мен қоғамдық жауапкершілікті түсіндіру, дейді мамандар. Оқу бағдарламасын Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратура әзірлеген. Жоба Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың өңірге жасаған жұмыс сапары барысында талқыланды.
Жаңа оқу жылынан бастап 7-10 сынып оқушылары «Заң және Тәртіп» қосымша сабағын оқиды. Пилоттық жоба Талғар ауданындағы он мектеп пен үш колледжге енгізіледі. Жаңа пәнді прокуратура мен полицияның бұрынғы қызметкерлері үйретеді.
Гүлнәр Бердібекова, прокуратура органдарының ардагері, кіші әділет кеңесшісі:
Бұған дейін біз облыстағы мектептерге барып арнайы дәріс өткіздік. Оқушылар ұстаздарымен бөлісе алмайтын кей ақпараттарды бізге айтты. Олар келеңсіз жағдайға тап болған кезде қалай әрекет ету керектігін білмейді. Біз сол тұрғыдан кеңес бердік. Қазір кәмелетке толмаған балалар арасында қылмыс көбейіп кетті. Жас буынның заң жөніндегі білімін жүйелеуіміз қажет.
«Заң және Тәртіп» пәнінде әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Жоба балалалар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында қолға алынып отыр, дейді мамандар.
Зәмзәгүл Төлеубекқызы, С.Сейфуллин атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектеп директоры:
Мектеп қабырғасында балаларға заң мен тәртіпті үйрету. Өте орынды, қазіргі кезде жақсы қозғалып жатқан нәрсе. Заң органдарында жұмыс істеген адамдардың өзінің тәжірибесімен бөлісе отырып, сол біздің келешек жасөспірімдерге сабақ беруі өте басқаша болады.
Бас прокуратура 26 маманды тәлімгер ретінде арнайы оқытып, дайындаған. Егер пилоттық жоба сәтті іске асса, еліміздің басқа өңірлеріндегі оқу орындарына да енгізіледі. Кеңесті қорытындылай келе Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев «өскелең ұрпақты заң мен қоғамдық тәртіпке саналы түрде қарауды үйрету керек», - деді.
Айдана Қуантхан
