Олжас Бектенов жылу маусымына қатысты ескерту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олжас Бектенов жылу маусымына қатысты ескерту жасады

27.05.2025

Жылу маусымына дұрыс дайындық жүргізбегендерге қатаң шара қолданылады. Үкімет басшысы жауаптыларға осындай ескерту жасады. Қазірдің өзінде дайындық басталмай жатып, ескерту алып жатқан өңірлер бар. Жылу маусымының дайындығы пысықталған.

Семей, Арқалық, Рудный қалаларындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Әкімдіктегілер министрліктегілерге сілтеп, бірі қаражаттың жоқтығын, енді бірі жөндеуді жүргізетін мердігердің анықтамалмағанын айтып ақталуда. Үкімет басшысы екі аптада конкурстық рәсімдерді аяқтап, жұмысқа кірісуді тапсырды. Талапты орындамайтындарға салынатын айыппұл мөлшері де өсті.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Енді жөндеу мерзімін бұзғаны үшін, қысқы кезде отын нормативін сақтамағаны үшін де бірінші басшылардың да жауапкершілігі де көзделді. Оған қоса үлкен кәсіпорындардың әзірлік паспортын алмағаны үшін және электр желілерін бүлдіргені үшін айыппұл ұлғайтылды. Мысал ретінде, дайындық паспортын алмағын үшін 300 ғана АЕК айыппұл болса, қазіргіден бастап 1500 АЕК дейін ұлғайтылып, 5500 млн теңгеге дейін көтерілді.

Күзгі-қысқы жылыту маусымының қорытындысы бойынша 9 жылу электр орталығы қызылдан сарыға, 3-і сарыдан жасыл аймаққа көшті. Қауіп азайды. Тозған дүниелер жаңарды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады. Биыл электр станцияларындағы 10 энергия блогына, 63 қазандық пен 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның сыртында ағымдық жұмыстар тағы бар. Бұл мақсатқа инвестиция барлық қаржы көздерін қосқанда 373 млрд. теңге бөлу қарастырылған.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең алдымен 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. Талап қатаң болады.

Самал Қабышева, тілші:

Жылу маусымына дайындық - әкімдердің алдағы үш айдағы негізі міндеттерінің бірі болуы тиіс. Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауаптыларға осындай тапсырма берді. Енді өңір басшылары жөнделетін нысандардың басына апта сайын барып, жағдайды өз бақылауларына алулары тиіс.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу