Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Сарапшылар клубының Qalam медиажобасымен бірлескен отырысы өтті. Шараға белгілі сингапурлық дипломат, профессор Кишор Махбубани мейман ретінде қатысты. Жоғары палата Төрағасы орта державалардың рөлі күшейіп жатқанын жеткізді. Бұл халықаралық қатынастардың заманауи жүйесін қалыптастыруға айрықша ықпалын тигізбек. Ал, профессор Кишор Махбубанидің «Азия дәуірінің» басталуы туралы тұжырымына және Қазақстан мен басқа да орта елдер үшін туып отырған жаңа мүмкіндіктерге ерекше тоқталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Бүгінгі кездесу жаһандық қауіпсіздік саласындағы дағдарыс пен геосаяси шиеленіс күшейе түскен кезеңде өтіп отыр. Осындай жағдайда профессор Махбубанидің «Азия дәуірінің» басталуы туралы тезисі ерекше қызығушылық тудырады. Шын мәнінде, қазіргі таңда Азия әлемдік экономика мен саясаттағы негізгі күштердің біріне айналып келеді. Осыған байланысты Қазақстан теңгерімді диалог пен арағайындық идеяларын халықаралық деңгейде дәріптей отырып, әлемдік істерде сындарлы рөл атқаруға ұмтылады.
Асылбек Данияр
