Қызылордадағы «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері кілем тоқуды үйренуде. Бұл игілікті іске «Рухани жаңғыру» орталығы мұрындық болды. Ұмыт бола бастаған өнерді Айдарлы ауылының тұрғыны Роза Әлбатырова жаңғыртып, әрі кәсіп еткен. Қолөнерге машықтанамын деген кез келген адам осында келіп, мамандардан сабақ алып, кілем тоқудың қыр-сырын меңгере алады.
Бұл - Айдарлы ауылында Роза Әлбатырованың бастамасымен ашылған тігін цехы. Ол елді мекендегі жұмыссыз қыз-келіншектерді біріктіріп, кілем тоқуды үйретті. Таңмен таласа тұрған келіншектер малды өріске жіберген соң осында бас қосады. Содан қызу тірлік басталады. Кілем тоқу, іс тігу оңай шаруа емес. Оған үлкен қарым-қабілет керек. Таң атқаннан кеш батқанша көздің майын тауысып, ыждахаттылықпен еңбек еткенде ғана әдемі дүние шығады.
Роза Әлбатырова, қолөнер шебері:
- Кедергі болмаса, бір тапсырыс болғанда 2/3 кілемді бір айда тоқыған кездері бар. Ал, енді кедергілер көп болса, 6 айға дейін тоқыған кездеріміз болған. Табыс көзін ойлап жатқанымыз жоқ.
Кілем тоқу Томириске ерекше ұнады. Түрлі-түсті жіптер мен әдемі ою-өрнектер қиялға қанат бітіреді. Оған шабыт қосылса, көздің жауын алар әсем бұйым дайын.
Томирис Әуесханова, «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушісі:
- Басында қиын сияқты көрінді. Апай үйреткеннен бірден қағып алдым.
Роза Әлбатырова ұлттық бояуы қанық төл туындыларды бренд тауар еткісі келеді. Сондықтан, өнер дамуы керек, ол үшін дәстүр сабақтастығы үзілмей, асыл мұра кейінгі ұрпаққа жалғасуы тиіс.
Гүлмира Әшірбекова, «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы:
- Кілем тоқу адамнан салмақтылықты, ақылдылықты, ойлылықты талап етеді. Сондай адами сапалы қасиеттерді тұлғаның бойына қалыптастыра отырып, ұлттық өнерді дәріптеуді мақсат етіп отырмыз.
Қазақтың түкті кілеміне қызығушылық жоғары. Сырбойылық шебердің туындыларын Еуропадан арнайы келіп, сатып алғандар да бар. Ежелгі дәстүрдің үрдісін бұзбай өміршең еткен Роза Әлбатырова бар білерін жастарға үйретуден жалығар емес.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ