Алматыда алаяққа алданған тұрғындар миллиондаған қаржысынан қағылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда алаяққа алданған тұрғындар миллиондаған қаржысынан қағылды

26.05.2025

Алматыда пәтер жөндеп береміз деген жеке меншік компания 70-ке жуық адамды алдап кетті. Тіпті, әрқайсысынан 2 млн-нан бастап 66 млн теңгеге дейін ақша алған. Алаяқтар әлеуметтік желіге пәтердің заманауи әрі мінсіз жобасын көрсетіп, жарнамалаған. Келісімшарт бойынша компания өкілдері баспананың ішкі жұмыстарынан бастап жиһазды да орнатып беруі тиіс еді. Алайда олар қомақты қаржыны қалтаға басқан соң, себепсіз жұмысты тоқтатып тастаған. Сан соққандардың бірі – алматылық Айнұр Дүйсенғазы. Ол былтыр қыркүйек айында үш қабатты үйінің ішкі жұмыстарына деп 45 млн теңгесін төлеген. Уәде бойынша ол төрт айдан соң баспанасына қоныстануы керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары аяқсыз қалып отыр. Полицейлер қазір алаяқтардың үстінен жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады. Ең сорақысы, компанияның желідегі парақшасы әлі күнге дейін жарнамасын жалғастырып жатыр.

Айнұр Дүйсенғазы, қала тұрғыны:

Жобаның дизайны дайын деп 10 млн-нан бөліп, бір жарым айдың ішінде құрылыс материалдарына керек деп алды. Сосын доллар қымбаттап жатыр, тезірек болайық, қымбаттап кетеді деп бізді алдап, бір жарым ай ішінде 45 млн алды.

Осы ретте заңгер Ғабит Өмірбек алдандық деген тұрғындарға тек бірлесіп сотқа арыз жазу керек, сол кезде қаржыны қайтару мүмкіндігі басым екенін айтып отыр.

Ғабит Өмірбек, заңгер:

Бұл жерде дереу қылмыстық іс тіркеліп, күдікті ұсталып, қамауға алыну керек. Дер кезінде полиция іс-әрекет жасаса, келтірілген залалды жәбірленушілерге қайтару керек. Алаяқтарды түбегейлі олармен полиция қызметкерлері жәбірленушілермен бірігіп күреспейінше, оларға тосқауыл қоймайынша бұндай іс-әрекеттер жалғаса береді.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу