«Қазақстанның ырғақтары». Осындай атпен Париждегі Лувр алаңында фотосуретші Оспан Әлидің көрмесі ашылды. Мәдени шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Оспан Әли бұған дейін Париж жұртшылығына «Қазақстанның сұлулығы» деген тақырыпта өз суреттерін ұсынған. Бұл жолы көрмеге Астананың көрікті жерлерінің, әсем ғимараттарымен бірге елорданың қарапайым тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін суреттерді әкеліпті. Бояуы қанық, сырға толы фотосуреттер талғамы биік француздардың таңдайын қақтырды. Қазақстанға деген қызығушылығын арттырды.
Пьер Кабаре, «Франция-Қазақстан» Парламентаралық достық тобының төрағасы:
- Мен Қазақстанға әлі барып көрмедім. Бірақ, елшілеріңізге жағымды жаңалықты айтқанмын, жақында Франция ұлттық ассамблеясының депутаттары ресми сапармен Қазақстанға барады. Қазақстан - мақтан тұтар мемлекет, еркін ел. Франция мен Қазақстан осы еркіндікті бірге бөлісуі керек.
Жан Ғалиев, ҚР Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Франция ұлттық ассамблеясының депутаттары еліміздің бірнеше қаласын араламақ. Көрмеден Түркістанның суретін көріп, сол қасиетті қаланы көруге құлшынып отыр. Біздің мақсатымыз -осындай шаралар арқылы елге тек инвесторларды ғана емес, туристерді де көптеп тартып, екі ел арасындағы достықты нығайту. Биыл Қазақстан мен Францияның стратегиялық әріптес болғанына - 10 жыл. Франция Орталық Азияда осындай келісімді тек Қазақстанмен ғана бекітті. Сондықтан, біз ынтымақты онан әрі арттыруға мүдделіміз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ