Алматы облысы Жібек жолы ауылындағы ұн шығаратын зауытта жарылыс болды. Зардап шеккен төрт адам аудандық көпбейінді ауруханаға жеткізіліп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Айдана Қуантхан, тілші:
Мен қазір ұн шығаратын зауыттың кіреберісінде тұрмын. Кеше менің ту сыртымда тұрған ғимараттың екінші және сегізінші қабатта жарылыс болды. Салдарынан 4 адамды күйік шалды. Ал өрт 1380 шаршы метр аумақты шарпыған. Қазір зауыт маңы қоршалып тұр. Оқиғаның мән жайы анықталуда.
Өртті 100 маман, 51 техника жұмылып, бес сағат дегенде сөндірді. Бүгін зардап шеккендердің ет жақындары аудандық аурухананың алдына жиналды. Себебі, олар кешеден бері науқастардың жағдайын біле алмай дал болып жүр.
Сәрсенбай Құлманов, науқастың туысы:
Науқастар туралы бір мәлімет берілген жоқ. Әрі қарай не болады, жауапкершілік не болады. Әрқайсысы бір-бір отбасының асыраушысы.
Шолпан Құздәулетова, науқастың туысы:
Әрбір науқастың отбасына көмек көрсетсін.
Күйік шалғанның біреуі - электрик, қалған үшеуі цех шебері болып жұмыс істейді. Дәрігерлер олардың жағдайына қатысты бізге де ақпарат бермеді. Ал компания басшысы зауытта өрт қауіпсіздігі техникалық талаптарға сай, деп отыр. Сондай-ақ науқастарға барлық материалдық көмек көрсетіледі деп уәде етті.
Саян Әшенов, «Азия агрофуд» АҚ төрағасы:
Жағдай қалай болғаны өзімізге түсініксіз. Келешекте айлықты көтеріп аламыз, отбасыларына көмек береміз. Оларды аяққа тұрғызып жібереміз.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті апаттың себеп салдарын анықтап жатыр. Полицейлер қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады.
Айдана Қуантхан
