Ақтөбе облысында 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

24.05.2025

Биыл Ақтөбе облысында 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Сондай-ақ 14 мектеп пен 11 медицина нысанының құрылысы аяқталады. Өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы қойған міндеттердің орындалу барысына оң баға берді. Облыс активі, жастар, ұстаздармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Ұлттық құрылтайда жүктелген тапсырмаларды іске асыру барысымен танысты.

Президент кеңесшісі алдымен облыс активімен өткен жиынға қатысты. Мұнда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды. Аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірде Президент тапсырмаларына сай ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Ауыл-аймақтарды дамыту ісі де қарқынды. Биыл 10 ауылға ауыз су, 24 елді мекенге көгілдір отын тартылады. Мәлік Отарбаев бұл жұмыстарды оң бағалап, Ұлттық құрылтайда айтылған мәселелердің де маңызына тоқталды.

Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:

Біз әділдікті ту ететін қоғамды қалыптастыра білсек, соны ұстанатан азаматтарды тәрбиелей білсек, біз шын мәнінде әділетті Қазақстанды құра аламыз. Әділетті Қазақстанды құру тек Президенттің міндеті емес. Сіздер мен біздердің басты міндетіміз.

Мәлік Отарбаев өңірде бірнеше кездесу өткізді. Ол әділеттілік пен заң үстемдігін орнатудың маңызына ерекше тоқталды. Өйткені, Президент тапсырмаларының да басты өзегі — заң мен тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыру.

Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:

Ұлттық құрылтай қоғамды алаңдатып отырған, толғандырып отырған аса өзекті көкейтесті мәселелердің шешімін түбегейлі табу мақсатында құрылған үлкен алаңға айналды. Ұлттық құрылтайды, әсіресе, біздің руханиятқа, идеологияға қатысты үлкен бағыттар айқындалды.

«Мәңгілік ел» залында өткен жастармен кездесуде де маңызды тақырыптар қамтылды. Жастар саясаты, жұмыспен қамту, бизнес бастамалар секлді бірнеше жоба таныстырылды. Президент кеңесшісі «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынған білім ордасына да барып, ұстаздармен жүздесті. Ол өңірде Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалып жатқанын атап өтті. Облыс әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарда.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу